Биыл Маңғыстаудың мәдениет саласында үш әлеуметтік жоба жүзеге асырылады
Маңғыстау облысында 2026 жылы мәдениет пен өнерді дамыту бағытында үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік гранттар аясында үш әлеуметтік жоба іске асырылады. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы Әсем Әшірова мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, мемлекеттік гранттар конкурсы жарияланып, нәтижесінде жеңімпаз ұйымдар анықталды.
- Сарапшылардың бағалау қорытындысына сәйкес конкурс нәтижесінде «Жас қаламгер» жобасына «Көмек командасы» қоғамдық қоры, «Отбасылық ұлттық дәстүрлерді сақтау және насихаттауға бағытталған іс - шараларды өткізу» жобасы бойынша «Риза ана» қоғамдық қоры жеңімпаз атанды. Сонымен қоса, суретшілерге арналған грант конкурсы жүргізіліп,аяқталды. Қазіргі уақытта комиссия құжаттарды қарап жатыр, - деді Әсем Әшірова.




