Елорда күні: Астанада «Жілік сындырудан» республикалық чемпионат өтеді

    Елорда күні: Астанада «Жілік сындырудан» республикалық чемпионат өтеді

    Елорда күніне орай 4 шілдеде Астанада қазақ халқының көне ұлттық сайыстарының бірі – «Жілік сындырудан» республикалық чемпионат өтеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

    Жарыс Астана қаласының Баршын көшесі, 30/2 мекенжайында орналасқан «Ұлытау» спорттық-сауықтыру кешенінде ұйымдастырылады. Чемпионаттың салтанатты ашылу рәсімі сағат 11:00-де басталады.

    Байрақты бәсекеге Павлодар, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының, сондай-ақ Астана қаласының спортшылары қатысады. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі және Қарулы күштерінің командалары да өзара мықтыны анықтайды.

    Әртүрлі жас санатындағы қатысушылар күш-қайраты, төзімділігі мен шеберлігін сынға салады. Жарысқа тіркелу чемпионат өтетін күні сағат 10:00-ден бастап өткізіледі.

    «Жілік сындыру» – ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан қазақ халқының көне ұлттық сайыстарының бірі. Сайыстың мақсаты – тек қолдың күші мен дұрыс әдіс-тәсілді пайдалана отырып, жілікті сындыру. Бұл дода қатысушылардан зор күш-қуатты, төзімділікті және жоғары дайындықты талап етеді.

    Чемпионат қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының әкімдігі" жаңалықтары