
Берілген уәде орындалуда: «Көктал» тұрғын үй алабындағы 36 көшенің күрделі жөндеу жұмыстары биыл аяқталады
Биыл Талдықорған қаласының Көктал тұрғын үй алабындағы жалпы ұзындығы 22,6 шақырымды құрайтын 36 көшеге жүргізіліп жатқан күрделі жол жөндеу жұмыстары толық аяқталады.
2024–2025 жылдары тұрғын үй алабында 22 көшенің 11 шақырымына асфальт төселіп, 24 шақырым жаяу жүргіншілер жолы салынды.
Ал биыл 14 көшенің 9,6 шақырым жолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жобаны «Сұңқар» ЖШС жүзеге асыруда.
Еске салсақ, бұған дейін облыс әкімі Бейбіт Исабаев Көктал тұрғындарымен кездесу барысында халық санының жыл сайын артып келе жатқанын, ал жолдың сапасыздығы мен көктем-күз мезгіліндегі лай-батпақ тұрғындарға айтарлықтай қиындық туғызатынын тұрғындар жеткізген болатын.
Сол кезде облыс әкімі Көкталдағы көшелерді кезең-кезеңімен ретке келтіріп, 2–3 жылдың ішінде тұрғындардың тақтайдай тегіс жолмен қатынайтынын айтқан еді.
Бүгінде бұл уәде нақты іспен жүзеге асуда. Жолдардың жаңартылуы тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартып, көлік қатынасын едәуір жеңілдетті. Көктал тұрғындары атқарылған жұмыстарға ризашылықтарын білдіріп, облыс басшылығына алғыстарын айтуда.









