
Бүгін, 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай және Қала күні қарсаңында Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл Ұлы Отан соғысының ардагері Ысқақ Құсайынов пен тыл еңбеккері Анна Возовикованың шаңырақтарына арнайы барып, мерекемен құттықтады.
Ең алдымен қала әкімі Жетісу өңіріндегі көзі тірі Ұлы Отан соғысының ардагері, ғасыр куәгері, саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған Ысқақ Құсайыновтың шаңырағына барды. Ернат Бәзіл ардагерді мерейлі мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдіріп, сый-сияпат табыстады.
Өз кезегінде қарт майдангер ақ батасын беріп, ел мен жердің тыныштығын, халықтың амандығын тілеп, көрсетілген құрметке алғысын білдірді.
Бұдан кейін қала әкімі 40 жылдан астам ғұмырын телекоммуникация саласына арнаған 94 жастағы қала тұрғыны Анна Возовикованың шаңырағына барды. Қарияны Халықаралық қарттар күнімен құттықтап, емен-жарқын әңгімелесіп, ұзақ ғұмыр мен зор денсаулық тіледі.
Кездесулер барысында Ернат Бәзіл аға буынға құрмет көрсету кейінгі ұрпақтың басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.
– «Қарты бар елдің – қазынасы бар» дейді халқымыз. Ардагерлеріміз бен аға буын өкілдерінің жүріп өткен сара жолы кейінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге. Бүгінгі тәуелсіз еліміздің қалыптасуы мен дамуына қосқан еңбектеріңіз ешқашан ұмытылмайды. Қарияларымызды ардақтап, оларға жан-жақты қолдау көрсету біздің басты міндеттеріміздің бірі, – деді қала әкімі.
Сонымен қатар бүгін Халықаралық қарттар күні аясында қала студенттері мен еріктілерінің қатысуымен «Қарияға құрмет» тазалық акциясы өтуде. Игі бастама барысында жастар қарттардың аулаларын тазалап, үй шаруасына қолғабыс етіп, күнделікті тұрмыстық жұмыстарға көмектесуде. Акцияның басты мақсаты аға буынға құрмет көрсетіп, жастар арасында үлкенге ізет пен қамқорлық құндылықтарын дәріптеу.
Айта кетейік, бүгінде Талдықорған қаласында 28 мыңға жуық зейнеткер тұрады. Олардың 418-і тыл ардагері. Сондай-ақ қалада 3 ғасыр куәгері бар.









