
Бүгін, 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай «Жеңіс» саябағында ардагерлер қауымына арналған тағылымды іс-шара ұйымдастырылды.
Мерекелік шараға арнайы қатысқан Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл ақылман қарияларымыздың жүріп өткен сара жолы кейінгі ұрпақ үшін үлгі-өнеге екенін атап өтті. Сондай-ақ бүгінде зейнетте болса да, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, ұрпақ тәрбиесіне атсалысып, ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеуге сүбелі үлес қосып жүрген аға буын өкілдеріне алғысын білдірді.
– Қарияларымыз халқымыздың қазынасы, ел тарихының тірі шежіресі. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз кейінгі ұрпақ үшін қашанда құнды. Қаламыздың қоғамдық өміріне белсене араласып, жастар тәрбиесіне, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге қосып жүрген үлестеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Баршаңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді қала әкімі.
Шара барысында қаланың қоғамдық өміріне белсенді қатысып жүрген 20-дан астам ардагер қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Халықаралық қарттар күніне орай ұйымдастырылған мерекелік шара «Талдықорған әуендері» халықтық фольклорлық-этнографиялық ән-би ансамблінің концерттік бағдарламасына ұласты.
Сондай-ақ ардагерлер арасында шахмат, дойбы және тоғызқұмалақтан спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Қарияларға ыстық бауырсақ пен шай ұсынылып, мерекелік көңіл күй сыйланды.
Айта кетейік, бүгінде Талдықорған қаласында 28 мыңға жуық зейнеткер тұрады. Олардың 418-і тыл ардагері. Сондай-ақ қалада ғасыр жасаған үш қария бар. Солардың бірі Ұлы Отан соғысының ардагері Ысқақ Құсайынов.









