2026 жылғы 1 шілдеден бастап электросамокаттарды пайдалану талаптары күшейтілді

    2026 жылғы 1 шілдеден бастап электросамокаттарды пайдалану талаптары күшейтілді

    2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда жалға берілетін электросамокаттарды пайдалану және кикшеринг қызметтеріне қатысты жаңа талаптар күшіне енді.

    Жаңа талаптарға сәйкес, енді жалға берілетін электросамокаттарды тек 18 жасқа толған азаматтар ғана пайдалана алады. Сонымен қатар пайдаланушының кез келген санаттағы жарамды жүргізуші куәлігі болуы міндетті. Кикшеринг қызметтерінің операторлары пайдаланушылардың жасын және жүргізуші куәлігінің бар-жоғын электрондық жүйе арқылы тексереді.

    Сондай-ақ барлық жалға берілетін электросамокаттар арнайы сәйкестендіру нөмірлерімен жабдықталып, олардың қозғалысы мен орналасқан жері цифрлық жүйе арқылы бақыланады.

    Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жаяу жүргіншілер көп жүретін аймақтарда самокаттардың жылдамдығы автоматты түрде шектеледі. Мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысандар маңында қозғалыс жылдамдығы сағатына 15 шақырымнан аспайды. Ал тротуарлар мен жаяу жүргіншілер аймақтарында ең жоғары жылдамдық сағатына 6 шақырым болып белгіленген.

    Бұдан бөлек, қорғаныс құралдарын пайдаланбай электросамокатпен жолға шығу, міндетті сақтандыру талаптарын сақтамау және өзге де заң талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.

    Енгізілген өзгерістер жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және электросамокаттарды жауапкершілікпен пайдалану мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

    Жетісу облысының полиция департаменті барлық жол қозғалысына қатысушыларды қолданыстағы талаптарды қатаң сақтауға, өз қауіпсіздігі мен айналасындағылардың өмірі мен денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырады.

    Ұқсас материалдар

    "Жетісу облысының Полиция департаменті" жаңалықтары