«ҮЗДІК МЕКТЕП: ТӘЖІРИБЕ, ИННОВАЦИЯ, НӘТИЖЕ» – ОЗЫҚ ТӘЖІРИБЕ МЕН ЖАҢАШЫЛДЫҚТЫҢ ЖАРҚЫН КӨРІНІСІ

    1 / 16

    «ҮЗДІК МЕКТЕП: ТӘЖІРИБЕ, ИННОВАЦИЯ, НӘТИЖЕ» – ОЗЫҚ ТӘЖІРИБЕ МЕН ЖАҢАШЫЛДЫҚТЫҢ ЖАРҚЫН КӨРІНІСІ

    Абай облысы білім басқармасының «Облыстық инновациялық-әдістемелік орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Ақсуат ауданындағы «Би Боранбай атындағы орта мектебі» КММ-де «Үздік мектеп: тәжірибе, инновация, нәтиже» тақырыбында облыстық тәжірибе алмасу семинары өткізілді.

    Аталған семинардың басты мақсаты – білім беру саласындағы озық педагогикалық тәжірибелерді тарату, инновациялық әдіс-тәсілдерді насихаттау, білім сапасын арттыруға бағытталған тиімді жұмыстармен бөлісу, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін жетілдіру және білім беру ұйымдары арасындағы кәсіби ынтымақтастықты нығайту.

    Маңызды іс-шараға Абай облысы білім басқармасының Облыстық инновациялық-әдістемелік орталығының директоры Исабаева Айнұр Серғалиқызы, педагог кадрларды дамыту бөлімінің басшысы Бейсембаева Нұргүл Бейсенқызы, орталық әдіскері Рахимбаева Жанар Кеңесбекқызы, инклюзия және арнайы білім беру бөлімінің әдіскері Сыдықова Гүлшат Мұратқызы, сондай-ақ Абай облысының 10 ауданынан және Семей қаласынан келген 80-ге жуық педагог, мектеп директорлары, директорлардың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен әдіскерлер қатысты.

    СЕМИНАРДЫҢ АШЫЛУЫ – ОРТАҚ МАҚСАТ ПЕН КӘСІБИ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ БАСТАУЫ

    Семинардың салтанатты ашылу рәсімінде алғашқы сөз Абай облысы білім басқармасының Облыстық инновациялық-әдістемелік орталығының директоры Исабаева Айнұр Серғалиқызына берілді.

    Ол өз сөзінде білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтың маңыздылығына тоқталып, үздік педагогикалық тәжірибелерді тарату, білім сапасын арттыру және мұғалімдердің кәсіби дамуына жағдай жасау бағытындағы жұмыстардың өзектілігін атап өтті.

    Кездесу барысында арнайы келген қонақтар да семинардың маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тілеп, мазмұнды тәжірибе алмасу мен нәтижелі жұмыс жүргізуге тілектестіктерін білдірді.

    Мектеп директоры Қаженов Ержан Нұрланұлы қатысушыларды білім ордасының тыныс-тіршілігімен, жетістіктерімен, білім беру жүйесіндегі басым бағыттарымен және алдағы даму жоспарларымен таныстырды.

    Мектеп жетістіктерінің ішінде ерекше атап өтерлігі – білім ордасының 2025 жылы «Орта білім беретін ұйым» грантын иеленіп, 20 миллион теңгенің сертификатымен марапатталуы.

    Бұл – мектеп ұжымының жүйелі жұмысының, кәсіби ізденісінің, жаңашыл бастамалары мен ортақ еңбегінің нәтижесі.

    ОЗЫҚ ТӘЖІРИБЕ – САПАЛЫ БІЛІМНІҢ НЕГІЗІ

    Семинардың негізгі практикалық бөлімінде қатысушылар ашық сабақтарға, шеберлік сағаттарына және тәжірибе алмасу алаңдарына қатысты.

    Ашық сабақтар барысында мектеп педагогтері заманауи білім беру технологияларын, тиімді оқыту стратегияларын және инновациялық әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы өздерінің кәсіби шеберліктерін көрсетті.

    Сабақтарда оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру, сыни ойлау дағдыларын дамыту, зерттеушілік қабілеттерін жетілдіру, білім алушылардың жеке ерекшеліктерін ескеру және оқу үдерісіне цифрлық ресурстарды тиімді енгізу мәселелері қамтылды.

    Шеберлік сағаттарында педагогтер өздерінің авторлық идеяларымен, тәжірибеде тиімділігін дәлелдеген әдіс-тәсілдерімен және шығармашылық ізденістерінің нәтижелерімен бөлісті.

    Қатысушылар ұсынылған жұмыстарға қызығушылық танытып, өзара пікір алмасып, тәжірибелік ұсыныстарын ортаға салды.

    Сонымен қатар тәжірибе алмасу алаңдарында мектептің білім сапасын арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстары, оқу-тәрбие үдерісіндегі тың бастамалары, педагогтердің кәсіби даму жолдары және мектептің даму стратегиясын жүзеге асыру тәжірибесі таныстырылды.

    Әрбір ұсынылған жұмыс педагогтердің өз ісіне деген жауапкершілігін, жаңашылдыққа ұмтылысын және білім беру сапасын жетілдіруге бағытталған кәсіби ізденісін айқын көрсетті.

    ЕҢБЕК БАҒАЛАНҒАН ЖЕРДЕ – ЫНТА АРТАДЫ, ТӘЖІРИБЕ ТАРАЛҒАН ЖЕРДЕ – НӘТИЖЕ ЕСЕЛЕНЕДІ!

    Семинар соңында іс-шараның мазмұнды әрі нәтижелі өтуіне үлес қосқан, өздерінің озық тәжірибелерімен бөлісіп, ашық сабақтар мен шеберлік сағаттарын өткізген, ұйымдастыру жұмыстарына белсенді атсалысқан «Би Боранбай атындағы орта мектебі» КММ-нің педагогтеріне Абай облысы білім басқармасының Облыстық инновациялық-әдістемелік орталығы атынан сертификаттар мен алғыс хаттар табысталды.

    Бұл марапаттар – педагогтердің кәсіби еңбегіне берілген лайықты баға, шығармашылық ізденісі мен білім саласын дамытуға қосқан үлесіне көрсетілген құрмет.

    Сонымен қатар мұндай қолдау ұстаздардың кәсіби ынтасын арттырып, жаңа бастамаларға жол ашары сөзсіз.

    Семинар барысында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып қана қоймай, білім беру үдерісін жетілдіруге бағытталған жаңа идеялар мен тың көзқарастарға қол жеткізді.

    Кездесу әр педагогке өз тәжірибесін саралап, кәсіби дамудың жаңа мүмкіндіктерін айқындауға және алдағы жұмысына тың серпін алуға мүмкіндік берді.

    БІЛІМ МЕН ТӘЖІРИБЕ ТОҒЫСҚАН ЖЕРДЕ – ЖАҢАШЫЛДЫҚ ПЕН ЖАРҚЫН НӘТИЖЕ БАР!

    Осындай облыстық деңгейдегі тәжірибе алмасу семинарлары білім беру ұйымдарының өзара байланысын нығайтып, үздік тәжірибелерді кеңінен таратуға, педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыруға және білім сапасын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді.

    Семинарды қорытындылаған Ақсуат ауданы білім бөлімінің басшысы Кыдырмолдин Амангелді Шаймұратұлы іс-шараны ұйымдастырған Абай облысы білім басқармасының Облыстық инновациялық-әдістемелік орталығының басшылығы мен мамандарына, арнайы келген қонақтарға, барлық қатысушыларға және семинардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан мектеп ұжымына алғысын білдірді.

    Бізді біріктіретін – білім!

    Бізді жетелейтін – ізденіс!

    Бізді күшейтетін – бірлік!

    Біздің мақсатымыз – болашақ!

    Ортақ мақсат жолындағы еңбектеріңіз жемісті болып, бастамаларыңыз баянды, жетістіктеріңіз еселене берсін!

    @abai_imc

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Абай облысы білім басқармасының «Ақсуат ауданының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі" жаңалықтары