Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Жиында тұрғын үй саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау қорытындылары, сондай-ақ мәдениет, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар салаларында заң бұзушылықтардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар қаралды.
Алғашқы мәселе бойынша ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Ержан Қарымсақов тұрғын үй саласында анықталған бірқатар жүйелі кемшілікке тоқталды. Департамент облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мен Түркістан қаласының тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінде сыртқы талдау жүргізген.
Талдау барысында жалдау ақысын субсидиялау, тұрғын үй сертификаттарын беру, қызметтік тұрғынжайларды пайдалану және жекешелендіру бағыттарында заң талаптарының сақталмағаны анықталған. Атап айтқанда, Түркістан қаласында соңғы үш жылда жалдау ақысын субсидиялау талаптарын бұзған 483 адамның келісімшарты тоқтатылған. Оларға бюджеттен негізсіз төленген қаражатты қайтару жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 2022–2025 жылдары жалдау шарттарын уақтылы тоқтатпау салдарынан бюджетке залал келтірілгені айтылды.
Облыс әкімі анықталған кемшіліктерге жауапты басшылардың назарын аударып, бюджет қаражатының мақсатсыз жұмсалуына жол бермеу керектігін ескертті. Осыған байланысты заң бұзушылықтарға жол берген тұлғаларға қатысты қызметтік тексеру жүргізу, қылмыс белгілері анықталған жағдайда материалдарды құқық қорғау органдарына жолдау, қызметтік тұрғынжайларды түгендеу және жалдау ақысы мен коммуналдық төлемдер бойынша берешектерді толық өндіріп алу тапсырылды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Ерназаров пен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлы баяндама жасады.
Мәдениет саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, қаржылық және кадрлық процестердің ашықтығын қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды. Биыл өңірдегі үш кәсіби театрда сыбайлас жемқорлық тақырыбын қамтитын 9 спектакль қойылып, облыстық музейлерде 33 іс-шара өткізілген. Кітапханаларда да адалдық пен парасаттылық құндылықтарын насихаттауға бағытталған кездесулер мен ақпараттық шаралар ұйымдастырылған.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар саласында қызметтік бақылауды күшейту, мемлекеттік гранттарды әділ бөлу және субсидияланатын жұмыс орындарының заңдылығын бақылау мәселелері қаралды. Басқармаға қарасты 11 мекеме мен 17 аудандық және қалалық мансап орталығын қамтитын 28 ұйымда Face ID жүйесі енгізілген.
Облыс әкімі басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және жою бағытындағы жұмыстардың нақты нәтижелеріне басымдық беру қажеттігін ескертті. Сондай-ақ қаржылық операциялардағы заң бұзушылықтарды, кадрлық шешімдерге қатысты тәуекелдерді және бюджет қаражатының жұмсалуын жүйелі бақылау керектігін атап өтті.
– Әрбір басқарма басшысы өз саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін нақты анықтап, олардың туындау себептерін жойып, нәтижесіне жеке жауап беруі қажет. Ішкі талдау жұмыстары сапалы жүргізіліп, қаржылық тәртіп пен мемлекеттік сатып алу талаптарының сақталуы қатаң бақылауға алынсын. Қызметтік тұрғынжайларды пайдалану кезінде заң талаптарының орындалуы қамтамасыз етіліп, жалдау ақысы мен коммуналдық төлемдер бойынша берешектер толық өтелуі керек. Ал субсидияланатын жұмыс орындары бойынша жұмыс берушілерге мониторинг күшейтіліп, тұрақты жұмысқа орналасу көрсеткіші төмен ұйымдардың тізімі мен тәуекелдер картасы қайта әзірленсін. Әрбір анықталған кемшілік бойынша нақты шара қабылданып, оның орындалуы бақылауда болуы тиіс, – деді Нұралхан Көшеров.
Комиссия отырысында құқық қорғау органдары басшыларының ұсыныстары мен ескертулері тыңдалды. Жауапты басқарма басшыларына сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілетін ішкі талдауды сапалы ұйымдастыру, заң бұзушылықтардың алдын алу және анықталған кемшіліктерді жою жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Олардың орындалуы бақылауға алынды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









