Кедендік декларациялау кезінде кедендік декларацияның мынадай түрлері қолданылады:
тауарларға арналған декларация;
транзиттік декларация;
жолаушыларға арналған кедендік декларация;
көлік құралына арналған декларация;
электрондық сауда тауарларына арналған декларация.
Заңнамада айқындалған жағдайларда кедендік құн декларациясы толтырылады. Онда тауарлардың кедендік құны, оны айқындау әдісі, сондай-ақ тауарларға қатысты мәміленің кедендік құнды айқындауға қатысы бар талаптары мен мән-жайлары туралы мәліметтер көрсетіледі. Кедендік құн декларациясы тауарларға арналған декларацияның ажырамас бөлігі болып табылады.
Кедендік декларацияның әрбір түрі мынадай жағдайларда қолданылады:
Тауарларға арналған декларация – кедендік транзит кедендік рәсімін қоспағанда, тауарларды кедендік рәсімдерге орналастыру кезінде, сондай-ақ ҚР Кеден кодексінде көзделген жағдайларда керек-жарақтарды кедендік декларациялау кезінде;
Транзиттік декларация – тауарларды кедендік транзит кедендік рәсіміне орналастыру кезінде;
Жолаушыларға арналған кедендік декларация – жеке пайдалануға арналған тауарларды кедендік декларациялау кезінде, сондай-ақ ҚР Кеден кодексінде көзделген жағдайларда мұндай тауарларды кедендік транзит кедендік рәсіміне орналастыру кезінде;
Көлік құралына арналған декларация – халықаралық тасымалдау көлік құралдарын кедендік декларациялау кезінде, сондай-ақ ҚР Кеден кодексінде көзделген жағдайларда керек-жарақтарды кедендік декларациялау кезінде;
Электрондық сауда тауарларына арналған декларация – заңнамада көзделген жағдайларда электрондық сауда тауарларын кедендік декларациялау кезінде қолданылады.
Тауарларды шығаруға қажетті мәліметтер қамтылған көліктік (тасымалдау), коммерциялық және (немесе) өзге де құжаттарды тауарларға арналған декларация және транзиттік декларация ретінде пайдалануға жол беріледі.
Сонымен қатар транзиттік декларация ретінде электрондық құжат түрінде ұсынылған алдын ала ақпаратты пайдалануға жол беріледі.
Кедендік декларацияда көрсетілуге жататын мәліметтер тізбесі кедендік төлемдер мен салықтарды есептеу және төлеу, ішкі нарықты қорғау шараларын қолдану, кедендік статистиканы қалыптастыру, тыйым салулар мен шектеулердің сақталуын бақылау, сондай-ақ кедендік бақылауды жүзеге асыру үшін қажетті мәліметтермен шектеледі.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









