2026 жылғы 26 қарашада ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінде қамтамасыз етілмеген цифрлық активтермен алмасу операторларымен кездесу өтті. Талқылау МКК Төрағасының орынбасары Сейілжан Ахметовтің басшылығымен өтті. Оған Ұлттық Банктің лицензиясы бар компаниялардың басшылары, бухгалтерлері мен заңгерлері қатысты.
Кездесуді ашқан Сейілжан Ахметов цифрлық активтер нарығын реттеу — Қазақстан үшін мемлекет пен бизнестің жүйелі дамуын және өзара іс-қимылын талап ететін жаңа бағыт екенін атап өтті.
2026 жылғы 1 мамырдан бастап елде криптовалюта айырбастау пункттерінің қызметіне рұқсат етілді. Мемлекет басшысының 2026 жылғы 7 шілдедегі Жарлығы да осы саланы дамытудың және оның құқықтық алаңда жұмыс істеуінің одан арғы бағытын айқындады.
«Цифрлық активтер нарығы қарқынды дамып келеді. Сондықтан бизнес үшін де, азаматтар үшін де бірдей болжамды болатын түсінікті әрі ашық қағидаларды қалыптастыру маңызды. Салық органдары үшін де бұл жаңа бағыт, және біз оны нарық қатысушыларымен бірлесіп дамытуға дайынбыз», - деп атап өтті Сейілжан Ахметов.
Кездесу барысында қатысушыларға Салық кодексіне енгізілетін түзетулер жобасы ұсынылды. Атап айтқанда, цифрлық активтер қызметтерін көрсетушілерді клиенттердің операциялары туралы мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына беруге міндеттеу ұсынылады.
Сонымен қатар азаматтарды қолдау шарасы — 2026–2028 жылдары қазақстандық провайдерлер арқылы цифрлық активтерді сатудан түскен табыстарды ЖТС-дан босату көзделген.
Сейілжан Ахметов атап өткендей, МКК міндеті — бизнеске қосымша жүктеме түсіру емес, түсінікті және автоматтандырылған ақпарат алмасуды жолға қою.
Мұндай тетік қазірдің өзінде қолданылады, тиісті мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына АХҚО цифрлық активтер биржалары мен майнинг пулдары ұсынады.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар өзара іс-қимылды жалғастыруға уағдаласты. Атап айтқанда, МКК кәсіби қоғамдастықпен бірлесіп цифрлық активтермен алмасу операторлары үшін мәліметтерді ұсынудың ыңғайлы нысанын әзірлейді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









