Мұнайлы ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері №15 жалпы орта білім беретін мектебінде оқушылармен қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған танымдық-профилактикалық іс-шара өткізді.
Іс-шараға Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Нұрмұхан Асхат Қазбекұлы, Батыр ауылдық округінің әкімі Айтбаев Сауыт Нұрғалиұлы және аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – өскелең ұрпаққа күнделікті өмірде кездесетін түрлі қауіп-қатерлердің алдын алу жолдарын түсіндіру, төтенше жағдайлар кезінде дұрыс әрі жылдам әрекет ету дағдыларын қалыптастыру және балалардың қауіпсіздік саласындағы сауаттылығын арттыру.
Іс-шара барысында оқушыларға өрт қауіпсіздігі, тұрмыстық газды пайдалану кезіндегі сақтық шаралары, электр құрылғыларын қауіпсіз қолдану, өрт туындаған жағдайда эвакуациялау тәртібі және алғашқы өрт сөндіру құралдарын пайдалану жолдары түсіндірілді.
Сонымен қатар, арнайы демонстрациялық көрсетілімдер ұйымдастырылып, қатысушыларға өрт сөндіргіш құралдарды іс жүзінде қолдану тәсілдері көрсетілді. Қауіпсіздік тақырыбында ұйымдастырылған сұрақ-жауап және танымдық конкурстар барысында белсенділік танытқан оқушыларға арнайы сыйлықтар табысталды.
Іс-шараға 120-ға жуық 7–8-сынып оқушысы мен 26 педагог қатысты.
Кездесу соңында оқушылар Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаментінің жауынгерлік жеке құрамымен, өрт сөндіру-құтқару техникаларымен және арнайы жабдықтарымен танысты. Сондай-ақ кинологиялық есептоптың жұмысы таныстырылып, қызметтік иттердің іздестіру-құтқару бағытындағы мүмкіндіктері көрсетілді.
Мұндай профилактикалық кездесулер жас ұрпақтың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға, төтенше жағдайлардың алдын алуға және азаматтық қорғау саласындағы білімін арттыруға бағытталған.
Қауіпсіздік ережелерін білу – өмірді сақтаудың маңызды кепілі!
Маңғыстау облысы ТЖД
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









