Әскери қызмет тек кәсіби дағдыларды және әскери жарғы талаптарын қатаң сақтауды ғана емес, сонымен қатар ішкі тұрақтылықты, салмақты шешім қабылдай білуді және сыртқы ықпалдарға қарсы тұру қабілетін талап етеді. Осы тұрғыда әскери ортада дүниетанымдық тұрақтылықты сақтау мен радикалды көзқарастардың алдын алу мәселелері ерекше маңызға ие.
Осы тақырып аясында Абай облысының Дін мәселелерін зерттеу орталығының мамандары әскери қызметшілермен ақпараттық-түсіндіру кездесуін өткізді.
Кездесу барысында азаматтарды радикалды діни ағымдарға тарту тәсілдері және психологиялық ықпал ету әдістері талқыланды. Қатысушыларға діни уағыз, әділдікке шақыру немесе шынайы ақпарат ретінде ұсынылатын материалдардың астарында заңнамаға және қоғамдық құндылықтарға қайшы келетін идеялар жасырынуы мүмкін екені түсіндірілді.
Әскери ортадағы діни көзқарастардың әртүрлілігі мәселесіне де ерекше назар аударылды. Өзара құрмет болмаған жағдайда діни сенім мен дүниетанымдағы айырмашылықтар әскери қызметшілер арасында түсініспеушілік пен келіспеушіліктерге себеп болуы мүмкін. Әсіресе жеке діни көзқарастарын өзгелерге таңу, айналасындағыларға қысым көрсету және жеке сенімдерін әскери қызметтің ортақ талаптарынан жоғары қою жағдайлары алаңдаушылық туғызады. Мамандар ар-ождан және діни сенім бостандығы өзге адамдардың көзқарастарына құрметпен қараумен, заңнама талаптары мен әскери тәртіпті сақтаумен қатар жүзеге асырылуы тиіс екенін атап өтті.
Кездесу барысында жеке сенім мен адамға деген сенімді пайдалану арқылы оны деструктивті топтарға тарту әрекеттері де сөз болды. Мамандар әскери қызметшілердің манипуляциялық сипаттағы хабарламаларды, арандатушылық жарияланымдар мен интернеттегі күмәнді ұсыныстарды ажырата білу қажеттігіне назар аударды.
Кездесу барысында құқықтық жауапкершілік мәселесіне де басымдық берілді. Әскери қызметшілерге Қазақстан Республикасының діни қызмет саласындағы заңнамасының талаптары және заңмен тыйым салынған ақпараттық материалдарды таратудың құқықтық салдары түсіндірілді. Атап айтқанда, заңмен таратуға тыйым салынған материалдарды қайта жариялау немесе өзге адамдарға жолдау да құқықтық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін екені айтылды. Сондықтан әлеуметтік желілерде қандай да бір ақпаратты жарияламас бұрын оның мазмұны мен заңдылығына назар аудару маңызды.
Сонымен қатар профилактикалық жұмыстың маңызды бағыты ретінде ақпаратты өз бетінше саралау, шынайы діни білімді радикалды насихаттан ажырату және өзгенің манипуляциясының құралына айналмау қабілетін қалыптастыру қажеттігі атап өтілді.
Кездесу барысында әскери қызметшілер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан тиісті түсініктемелер алды.
Әскери ұжым – ортақ жауапкершілік пен бір мақсатқа жұмылған орта. Сондықтан құқықтық мәдениетті нығайту, өзара құрметті қалыптастыру және радикалды идеяларға қарсы тұру қабілетін арттыру әрбір әскери қызметшінің ғана емес, тұтас әскери бөлімшедегі моральдық-психологиялық ахуалды сақтаудың да маңызды шарты болып табылады.
Мұндай кездесулер экстремизмнің алдын алуды жай ғана ақпараттық жұмыс ретінде емес, жауапкершілігі жоғары, саналы және сыртқы идеологиялық ықпалдарға төтеп бере алатын әскери қызметшіні қалыптастырудың маңызды бағыты ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
Материал Абай облысының ТҚК ақпараты негізінде дайындалды
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









