Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2027–2029 жылдарға арналған орта кәсіпкерлікті дамыту жоспарының жобасы әзірленді. Бұл туралы Kazinform агенттігінің тілшісі хабарлайды.
Бұл жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын іске асыруға арналған Құрылтайдың Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитетінің кеңейтілген отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағнаев мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, жоспар жобасы төрт негізгі бағытты қамтиды.
Бірінші бағыт – шағын бизнестің орта кәсіпкерлік деңгейіне өтуін ынталандыру.
Екінші бағыт – ұзақ мерзімді қаржыландыруға қолжетімділікті қамтамасыз ету. Атап айтқанда, «Өрлеу» бағдарламасы бойынша кемінде жеті жыл мерзімге несие беру, үлестік және мезониндік қаржыландыруды дамыту, сондай-ақ орта кәсіпорындардың облигациялар нарығына шығу мүмкіндіктерін кеңейту ұсынылады. Бұдан бөлек, банктердің «Даму» қорының кепілдіктерін тануы жоспарланып отыр.
Үшінші бағыт өндірістік қуаттарды технологиялық жаңартуды және еңбек өнімділігін арттыруды көздейді. Осы мақсатта жабдықтарды жеңілдікпен лизингке беру, өндірушілерге қосылған құн салығын жедел қайтару және кәсіпорындарға технологиялық аудит жүргізу ұсынылады.
Төртінші бағыт орта бизнестің ірі компаниялармен кооперациясын дамытуға және өнімді тұрақты өткізуге жағдай жасауға бағытталған. Атап айтқанда, «Самұрық-Қазына» қорымен, ұлттық компаниялармен және жер қойнауын пайдаланушылармен 3–5 жыл мерзімге ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу, жеткізушілерді қолдау бағдарламаларын дамыту, шағын және орта бизнес субъектілеріне сатып алудың белгілі бір бөлігін резервтеу, сондай-ақ жеткізушілерге төлем жасау мерзімін 30 күннен асырмау ұсынылады.
Басым бағыттар ретінде өңдеу өнеркәсібі мен агроөңдеу салалары айқындалған.
«Мақсат – орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесін кезең-кезеңімен 7 пайыздан 15 пайызға дейін, ал келешекте 20 пайызға дейін арттыру. Нәтижені статистика және салық органдарының деректері негізінде, яғни шағын бизнестен орта бизнес деңгейіне нақты өскен компаниялардың саны арқылы бағалаймыз», – деп атап өтті вице-министр.
Оның айтуынша, жоспар Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітіледі. Сонымен қатар бизнес санаттарының жаңа өлшемшарттарын енгізу, шағын кәсіпкерлік субъектісі өскеннен кейін оған бұрынғы қолдау шарттарын сақтау, сатып алу және төлем тәртібіне қатысты өзгерістерді іске асыру үшін заңнамаға бірқатар түзетулер енгізу қажет болады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.





