Түркия Республикасының Амасья қаласында тоғызқұмалақтан U-19 жас санатындағы жастар арасындағы әлем чемпионаты өтті. Дүниежүзілік додаға 12 елдің үздік спортшылары қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Халықаралық жарыста Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен Түркістан облысының жас спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, ел мерейін үстем етті.
Атап айтқанда, тоғызқұмалақтың классикалық түрінен Ердәулет Оралбай алтын медаль иеленсе, Вика Белицкая күміс жүлдегер атанды. Ал блиц бәсекесінде З. Лес чемпион атанса, Ақерке Құдайберген күміс медаль жеңіп алды. Сондай-ақ Вика Белицкая мен Азеля Абдрали қола жүлдеге қол жеткізді.
Бұдан бөлек, әлем чемпионаты аясында бестемше ойынынан жастар арасындағы жарыс та ұйымдастырылды. Бұл сында Мариям Тұрғынбай күміс жүлдеге ие болса, Ақерке Құдайберген қола медаль иеленді.
Осылайша, Түркістан облысының жас зияткерлері ұлттық ойындардың қос түрінен әлемдік деңгейде жоғары нәтиже көрсетіп, өңір абыройын асқақтатты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









