ТҮРКІСТАНДЫҚ ҰСТАЗ ҰЛТТЫҚ СПОРТТЫ ӘЛЕМГЕ ТАНЫТЫП ЖҮР

    1 / 4

    Түркістан облысында ұлттық спорт түрлерін жаңғыртып, оны жас ұрпаққа кеңінен насихаттауға үлес қосып жүрген азаматтар аз емес. Солардың бірі – Сайрам ауданы Ынтымақ ауылының тұрғыны, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Махамбет Сәтбаев.

    Оның ұлттық садақ ату спортына деген қызығушылығы қырық жастан асқан шағында оянған. Алғаш қолына садақ ұстаған сәттен бастап бұл өнерге ерекше ықылас танытып, оны ауыл балаларына үйретуді қолға алған. Осылайша мектеп қабырғасында шағын үйірме ашылып, қарапайым бастама жүйелі жұмысқа ұласқан. Бүгінде Махамбет Сәтбаевтың жетекшілігімен жаттыққан шәкірттер республикалық және халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр. Ұлттық спортқа баулумен қатар, ол балалардың мергендік қабілетін, зейінін, төзімділігі мен жауапкершілігін қалыптастыруға басымдық береді.

    Ұстаздың өзі де спорттағы жетістіктерімен ерекшеленіп келеді. Жуырда Солтүстік Кипр Түрік Республикасында өткен дәстүрлі садақ атудан IV Дүниежүзілік «Фетих» кубогында 30 метрлік қазақ жамбы нысанасы бойынша өнер көрсетіп, алтын медаль жеңді. Бұл жетістік – жеке спортшының жеңісі ғана емес, қазақтың төл спортын халықаралық деңгейде танытудың жарқын үлгісі. Махамбет Сәтбаевтың еңбегі ұлттық мұраны ұлықтаудың және оны келер ұрпаққа аманаттаудың маңызын көрсетеді.

    Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылдық округі әкімінің аппараты" жаңалықтары