ТҮРКІСТАН: ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА ЖАҢА ТҰҚЫМБАҚ АШЫЛДЫ

    1 / 4

    Төлеби ауданында қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің көркін арттыру және көгалдандыру жұмыстарын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

    «Жасыл мекен – гүлденген аудан» жобасы аясында Қоғалы ауылдық округінде сәндік ағаштар, бұталар мен гүлдер өсіруге арналған тұқымбақ ашылды. Салтанатты іс-шараға аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов қатысып, жаңа нысанның іске қосылуымен құттықтады. Сондай-ақ бастаманың экологиялық маңызына тоқталды.

    Аудан әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасының маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары бір реттік науқанмен шектелмей, тұрақты түрде жүргізілуі тиіс.

    Жалпы аумағы 1,8 гектарды құрайтын тұқымбаққа бүгін 6 мыңнан астам көшет отырғызылып, 2 мыңға жуық тұқым егілді. Бұл аудан аумағын көгалдандыру жұмыстарын жүйелі жүргізуге, жергілікті жердің табиғи-климаттық жағдайына бейімделген ағаштар мен бұталардың түрлерін көбейтуге және жасыл аймақтарды кеңейтуге мүмкіндік береді.

    «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген халқымыздың даналық сөзі бар. Бүгін отырғызылған әрбір көшет – болашаққа жасалған инвестиция, келер ұрпаққа қалдырылған аманат.

    Жаңа тұқымбақтың ашылуы ауданның экологиялық ахуалын жақсартуға, елді мекендердің көркін арттыруға және тұрғындар арасында қоршаған ортаға деген жауапкершілікті қалыптастыруға оң ықпал етпек.

    Туған жердің табиғатын түлетіп, жасыл желегін молайтуға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

    Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылдық округі әкімінің аппараты" жаңалықтары