Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы аясында көрнекті тарихшы ғалым, академик Манаш Қозыбаевтың туғанына 95 жыл толуына орай «Академик Манаш Қозыбаев: тарих зердесі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шара аясында «Кітап оқитын ұлт» жобасы негізінде ғалымның өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылды.
Жиынның негізгі мақсаты – академиктің өмір жолы мен ғылыми мұрасын кеңінен насихаттау, отандық тарих ғылымының дамуына қосқан үлесін зерделеу және еңбектерінің ұлттық тарихи сананы қалыптастырудағы маңызын айқындау.
Тағылымды басқосуда қала әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов пен музей-қорық директоры Ерлан Дәкенов академиктің отандық ғылым мен тарих саласындағы орнына тоқталып, оның ғылыми мұрасының маңызын атап өтті.
Дөңгелек үстелге зиялы қауым өкілдері, профессорлар, ғалымдар, кітапханашылар мен музей мамандары қатысты. Қатысушылар Манаш Қозыбаевтың ғылыми еңбектерін талқылап, оның Қазақстан тарихын зерттеуге қосқан үлесі, тарихи танымды қалыптастырудағы рөлі және мол мұрасының бүгінгі ұрпақ үшін маңызы жөнінде пікір алмасты.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









