Электр желілері мен жасыл энергетиканы дамыту Энергоминде талқыланды

    1 / 6

    Энергетика министрлігінде Қытайдың ірі энергетикалық корпорацияларының бірі – China Southern Power Grid Co., Ltd. компаниясының Директорлар кеңесінің төағасы Цянь Чаоян бастаған делегациясымен жұмыс кездесуі өтті.

    CSG корпорациясы электр энергиясын беру және тарату, күрделі энергетикалық жүйелерді басқару, сондай-ақ өнеркәсіптік энергия сақтау жүйелерін дамыту саласындағы әлемдік технологиялық көшбасшылардың қатарына кіреді. Компания Азия, Еуропа және Латын Америкасы елдерінде жобаларды жүзеге асырып келеді.

    Кездесу барысында тараптар Қазақстанның электр энергетикасы саласындағы технологиялық және инвестициялық ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын талқылады. Атап айтқанда, жоғары кернеулі тұрақты ток желілерін салу саласында тәжірибе алмасу және техникалық консалтинг көрсету, сондай-ақ «Солтүстік – Оңтүстік» транзиттік бағытын жаңғырту кезінде электр желілерін үйлестіре басқару және диспетчерлендіру мүмкіндіктері қаралды.

    Энергия жинақтау жүйелерін дамытуға және Smart Grid зияткерлік желілерін енгізуге ерекше назар аударылды. Заманауи энергия жинақтағыштарды пайдалану жаңартылатын энергия көздерінің өсіп келе жатқан көлемін энергетикалық жүйеге қауіпсіз интеграциялау, оның икемділігін арттыру және ұлттық энергетикалық жүйенің жалпы тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін маңызды екені атап өтілді.

    Мемлекет басшысы қойған цифрлық экономиканы дамыту және жаңа өсу нүктелерін қалыптастыру міндеттері аясында кездесуге қатысушылар жасанды интеллектіні дамытуға арналған перспективалы деректерді өңдеу орталықтарын «жасыл» энергиямен қамтамасыз ету тәсілдерін, сондай-ақ Alatau City жаңа қаласының энергетикалық инфрақұрылымын жоспарлау кезінде қолданылатын заманауи шешімдерді қарастырды.

    Келіссөздердің басым бағыттарының бірі адами капиталды дамыту және Қазақстанда инженерлік құзыреттерді қалыптастыру болды. Тараптар қазақстандық энергетик мамандарды даярлау және олардың біліктілігін арттыру бойынша ұзақ мерзімді бағдарламаларды іске қосу мәселелерін талқылады. Оның ішінде техникалық семинарлар, сарапшылар алмасу және компанияның технологиялық орталықтары базасында тағылымдамадан өткізу көзделген.

    Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ұсынылған технологиялық шешімдерді егжей-тегжейлі зерделеу үшін бейінді техникалық мамандар деңгейінде сараптамалық консультацияларды жалғастыруға уағдаласты.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі" жаңалықтары