2026 жылғы 19 қарашада Энергетика министрлігі алаңында «KAZENERGY» қауымдастығының атқарушы директоры, Салалық кеңестің төрайымы Л. Ахмурзинаның төрағалығымен мұнай-газ, мұнай өңдеу және мұнай-газ химиясы салаларындағы кәсіптік біліктіліктер жөніндегі Салалық кеңестің кезекті отырысы өтті.
Отырысқа ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық органның, «KAZENERGY» қауымдастығының, салалық кәсіподақтардың, «ҚМГ» ҰК» АҚ, ТШО, НКОК, КПО және басқа да ірі мұнай-газ ұйымдарының өкілдері қатысты.
Отырыс барысында Салалық кеңестің 2026 жылға арналған жұмыс жоспарының іске асырылу барысы, сондай-ақ 2027 жылға арналған жұмыс жоспарын қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар қаралды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі мұнай-газ саласындағы кәсіптік стандарттарды бекіту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысын қарау болды.
Энергетика министрлігінің Мұнай игеру және өндіру департаментінің, Мұнай тасымалдау және өңдеу департаменті және Газ өнеркәсібі департаментінің өкілдері саланың тиісті бағыттары бойынша кәсіптік стандарттарды әзірлеу, өзектендіру және бекіту жөнінде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат ұсынды.
Талқылау барысында заманауи технологиялық талаптарды ескере отырып, кәсіптік стандарттарды жетілдіру, салалық құзыреттерді дамыту және қызметкерлердің біліктіліктерін мұнай-газ кешенінің қажеттіліктеріне сәйкестендіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар отырысқа қатысушылар 2027 жылға арналған жұмыс жоспарын қалыптастыру мәселелерін талқылады
Талқылау аясында кәсіптік біліктілік жүйесін одан әрі дамыту, жұмыс берушілердің қажеттіліктерін, технологиялық өзгерістерді және мұнай-газ саласының даму перспективаларын ескере отырып, қолданыстағы кәсіптік стандарттарды өзектендіру және жаңа кәсіптік стандарттарды әзірлеу мәселелері қаралды.
Салалық кеңес отырысының өткізілуі кәсіптік стандарттарды жетілдіру, білікті кадрларды даярлау сапасын арттыру және Қазақстан Республикасының мұнай-газ, мұнай өңдеу және мұнай-газ химиясы салаларының кадрлық әлеуетін дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстың маңызды кезеңі болып табылады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.







