Алматы полициясы жол қозғалысы мәдениетін арттыруға бағытталған профилактикалық жұмыстың жаңа әрі қолжетімді тәсілдерін қолданып келеді. Бұл жолы жол қауіпсіздігі туралы ескертулер жүргізушілер жиі аялдайтын жанармай құю бекеттеріндегі кофе стақандарына орналастырылды.
Алматы қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақыратын арнайы жапсырмалар әзірледі. Олар қаладағы жанармай құю бекеттеріне таратылып, келушілерге берілетін кофе стақандарына жапсырылып жатыр.
Осылайша, жанармай құю бекетіне аялдап, таңертең кофе сатып алу жүргізушілерге жол қауіпсіздігін тағы бір мәрте еске салудың қарапайым тәсіліне айналды.
Алматы қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаевтың айтуынша, профилактикалық жұмыс жүйелі ғана емес, сонымен қатар заман талабына сай, қала тұрғындарының күнделікті өмірімен ұштасуы керек.
«Біздің мақсатымыз – жол қауіпсіздігі туралы ескертулерді әрбір жол қозғалысына қатысушыға түсінікті әрі қолжетімді ету. Адамға жол ережесін сақтау қажеттігін еске салу үшін оның қиын жағдайға тап болуын күтудің қажеті жоқ. Кейде күнделікті өмірде көзге түсетін қысқа ғана ескерту де жеткілікті. Біз тұрғындармен байланыс орнатудың түрлі жолдарын қолданып, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жолдағы жауапкершілігін арттыруға тырысамыз. Өйткені қауіпсіздік тек полиция жұмысына ғана емес, әрбір жүргізуші мен жаяу жүргіншінің жауапкершілігіне де байланысты», – деді Әбдінұр Тасыбаев.
Полиция өкілдері мұндай бастамалар жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және жолда қауіпсіз жүріс-тұрыс мәдениетін қалыптастыруға бағытталған профилактикалық жұмыстың бір бөлігі екенін атап өтті.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









