«Болашақ тергеушілер»: Алматыда болашақ тергеушілердің форумы өтті

    Алматы қаласы Полиция департаментінің базасында «Болашақ тергеушілер» форумы өтті. Оған қаладағы жоғары оқу орындарының заң факультеттерінде білім алып жатқан төртінші курс студенттері қатысты.

    Форумның мақсаты – болашақ заңгерлерді ішкі істер органдарының жұмысымен жақынырақ таныстыру, тергеуші мамандығының ерекшеліктерін көрсету және теориялық білімді тәжірибемен ұштастыру.

    Кездесу барысында студенттер Жедел басқару орталығына барып, қаладағы ахуалды бақылау, бейнебақылау жүйелерінің жұмысы және полиция күштерін үйлестіру тәртібімен танысты. Сонымен қатар қалалық полиция басқармаларының біріне барып, қызметкерлердің күнделікті жұмыс барысын көрді.

    Бағдарлама аясында Полиция департаментінің музейіне де экскурсия ұйымдастырылды. Студенттер ішкі істер органдарының тарихымен, қалыптасқан дәстүрлерімен және отандық полицияның кәсіби мұрасымен танысты.

    Форумның негізгі бөлігі Алматы қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Рүстам Шәрібаевпен өткен көшбасшылық кездесуге арналды. Ашық әңгіме барысында болашақ мамандардың кәсіби қалыптасуы, тергеушінің жауапкершілігі, принципшілдігі мен таңдаған мамандығына адалдығы сөз болды.

    «Тергеуші болу – жай ғана мамандық емес. Бұл – қоғам мен әрбір адамның құқығы мен заңды мүддесін қорғау жолындағы үлкен жауапкершілік. Азаматтардың заңға деген сенімі сіздердің біліміңізге, әділдігіңізге, принципшілдігіңізге және дұрыс шешім қабылдай білу қабілеттеріңізге байланысты. Сондықтан бүгіннен бастап тек теориялық білім алып қана қоймай, кәсіби ойлау қабілетін қалыптастырып, жоғары адамгершілік қасиеттер мен заңға құрметті бойға сіңіру маңызды», – деді Рүстам Шәрібаев.

    Форум полиция қызметкерлері мен болашақ заңгерлер арасындағы ашық диалог алаңына айналды. Студенттер тергеуші мамандығының қыр-сырын біліп, оның талаптары мен жауапкершілігін жақынырақ түсінуге мүмкіндік алды.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Алматы қаласының Полиция департаменті" жаңалықтары