21 қарашада Қостанай облысында тұрғын үй секторындағы өрттердің алдын алуға және адам өлімінің қаупін азайтуға бағытталған «Өрт қауіпсіздігінің онкүндігі» республикалық акциясы басталды.
Акция аясында Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері прокуратура, полиция және әлеуметтік қызмет өкілдерімен бірлесіп, халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтардың үйлерінде профилактикалық рейдтер өткізді.
Рейдтер барысында жалғызбасты қарт адамдарға, көпбалалы отбасыларға және әлеуметтік қолдауды қажет ететін өзге де азаматтарға ерекше назар аударылды.
Іс-шаралар барысында иіс газын анықтайтын датчиктер орнатылып, мұржалар жиналған күйеден тазартылды. Сонымен қатар тұрғындармен профилактикалық әңгімелер жүргізіліп, пешпен жылыту жүйелері мен электр жабдықтарын қауіпсіз пайдалану талаптары, сондай-ақ өрт туындаған кездегі іс-қимыл тәртібі түсіндірілді.
Қостанай облысының ТЖД тұрғындарды мұржаларды уақтылы тазалауға, жылыту құрылғылары мен электр сымдарының жарамдылығын тексеруге, иіс газын анықтайтын датчиктер орнатуға және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға шақырады.
Естеріңізде болсын: өрт қауіпсіздігінің қарапайым талаптарын сақтау — өмір мен денсаулықты қорғаудың кепілі!
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









