21 қарашада Қазақстан бойынша «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Өрт қауіпсіздігінің онкүндігі» республикалық өрт қауіпсіздігі онкүндігі басталды. Он күн бойы құтқарушылар әкімдіктермен, полиция, газ қызметтері және волонтерлермен бірлесіп, халық арасында мекенжайлық профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Республикалық науқанның басталуы Астана қаласында өтті. Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов Көктал тұрғын алабында ұйымдастырылған аула аралау жұмыстарына қатысты. ТЖМ қызметкерлерімен, әкімдік, полиция өкілдерімен және 104 авариялық газ қызметінің мамандарымен бірге зейнеткерлер мен көпбалалы отбасылардың үйлерін аралады.
Онкүндіктің алғашқы күні «Қауіпсіздік әр үйде»тақырыбындаөтті. Іс-шаралардың негізгі мақсаты – жылыту маусымы кезінде тұрғын үй секторында өрттің шығуы мен иіс газынан уланудың алдын алу. Профилактикалық жұмыстар еліміздің барлық өңірін қамтыды. Көпбалалы отбасыларға, жалғыз тұратын зейнеткерлерге және мүгедектігі бар адамдарға ерекше назар аударылды. Тұрғындармен кездесулер барысында мамандар пешпен жылытуды, газ жабдықтары мен электр құрылғыларын қауіпсіз пайдалану ережелерін еске салып, өрт хабарлағыштары іске қосылған жағдайда қандай әрекет ету керектігін түсіндірді.
Профилактикалық жұмыстар барлық өңірде белсенді жүргізілді. Шығыс Қазақстан облысында онкүндіктің алғашқы күні жеке тұрғын үйлердің қауіпсіздігіне арналды. Қызметкерлер пешпен жылыту жүйелерінің жарамдылығына, өрт хабарлағыштарының болуына және иіс газынан уланудың алдын алуға ерекше назар аударды. Абай облысында ерекше назар аударуды қажет ететін отбасылармен мекенжайлық жұмыс ұйымдастырылды. Мамандар түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жылыту жүйелерінің жай-күйін тексеріп, автономды өрт хабарлағыштарын орнатуға практикалық көмек көрсетті.
Профилактикалық іс-шаралар барысында 20 мыңнан астам тұрғын үй мен пәтер қамтылып, 53,4 мыңнан астам адамға нұсқаулық берілді. Практикалық көмек көрсету аясында пештер мен жылыту жүйелерін жөндеу бойынша 124 жұмыс атқарылып, электр сымдарының 106 учаскесі жөнделді, 227-ден астам түтін мұржасы тазартылды. Сонымен қатар тұрғын үйлерге 1 193 автономды өрт хабарлағышы орнатылды. Онкүндік аясындағы профилактикалық жұмыстар жалғасуда.
ТЖМ жылыту маусымында пештердің, түтін мұржалары мен электр құрылғыларының жарамдылығын қадағалауды, оларды қараусыз қалдырмауды, электр желілеріне шамадан тыс жүктеме түсірмеуді, газ жабдықтарын пайдалану талаптарын сақтауды, балаларды от көздерінен алыс ұстауды және өрт хабарлағыштарын орнатуды ескертеді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









