Қазақстанда «Өрт қауіпсіздігінің онкүндігі» республикалық өрт қауіпсіздігі онкүндігі жалғасуда. Іс-шаралардың екінші күні «Қауіпсіз үй – бақытты отбасы» атауымен ұйымдастырылды. Негізгі мақсат – жылыту кезеңінде өрттің шығуы мен иіс газынан уланудың алдын алу.
Құтқарушылар әкімдіктердің, полицияның, газ және коммуналдық қызметтердің өкілдерімен, волонтерлермен бірлесіп, аулаларды аралап, жылыту жүйелерінің, түтін мұржалары мен электр сымдарының жай-күйін тексеруде. Тұрғындарға жабдықтарды қауіпсіз пайдалану талаптарын түсіндіруде. Көпбалалы отбасыларға, жалғыз тұратын зейнеткерлерге және мүгедектігі бар адамдарға ерекше назар аударылуда.
Мәселен, Түркістан облысы ТЖД бастығы Отырар ауданына барып, әлеуметтік осал отбасылардың тұрмыс жағдайымен танысты. Мамандар пешпен жылыту жүйесін, түтін мұржалары мен электр желілерін тексеріп, тұрғындарға өрттің шығуы мен иіс газынан уланудың алдын алу бойынша кеңес берді. Алматы облысында профилактикалық акция Қонаев қаласында өтті. Іс-шараға құтқарушылар, жергілікті атқарушы органдардың, полицияның, газ және энергетика қызметтерінің өкілдері мен волонтерлер қатысты. Көпбалалы отбасылардың үйлерінде жылыту құрылғылары, газ жабдықтары мен электр сымдары тексеріліп, иіс газын анықтайтын датчиктер орнатылды. Балаларға жадынамалар мен сыйлықтар табысталды.
Республикалық онкүндіктің екінші күнінің қорытындысы бойынша профилактикалық іс-шаралар 25 мыңнан астам тұрғын үй мен пәтерді қамтып, 55 мыңнан астам адамға нұсқаулық берілді. ТЖМ үй қауіпсіздігі әр адамның жауапкершілігінен басталатынын еске салады. Жылыту жүйелерін уақтылы тексеру және қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтау өрттің алдын алып, адам өмірін сақтауға көмектеседі.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









