Ақтөбе облысында мобильді байланыс сапасы төмен 68 учаскедегі мәселе шешілді

    1 / 5

    Ақтөбе облысында телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда. Бүгінде өңірдегі 311 ауылдық елді мекеннің 298-і интернетпен қамтылған. Сонымен қатар мобильді байланыс сапасы төмен 68 учаскедегі мәселе шешілді. Бұл туралы облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Әсет Отарбаев мәлімдеді.

    Қазіргі таңда ауыл халқын интернетпен қамту деңгейі 98,8 пайыз. Жыл соңына дейін тағы екі ауыл – Мәртөк ауданындағы Құмсай мен Әйтеке би ауданындағы Сарыбұлаққа мобильді интернет жеткізу жоспарланып отыр. Қазір байланыс операторлары базалық станциялар орнату жұмыстарын бастады.

    Халқы аз қалған ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне спутниктік технологияларды пайдалану жөнінде ұсыныс жолданды.

    Сонымен қатар Ақтөбе облысында бесінші буындағы (5G) мобильді байланысты кезең-кезеңімен дамыту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 5G желісі Ақтөбе қаласы мен облыстың тағы жеті елді мекенінде қолжетімді.

    Жалпы өңірде 126 5G базалық станциясы жұмыс істейді. Оның 113-і Ақтөбе қаласында, алтауы Қандыағашта, екеуі Хромтауда орналасқан. Сондай-ақ Алға, Бадамша, Мәртөк, Шұбарқұдық және Кеңқияқ елді мекендерінің әрқайсысында бір-бір базалық станциядан бар.

    2026 жылдың соңына дейін Шалқар қаласында тағы бір 5G базалық станциясын іске қосу жоспарланған. Осылайша, облыстың тағы бір аудан орталығы жоғары жылдамдықты бесінші буын мобильді байланысымен қамтылады.

    2024–2026 жылдар аралығында өңірде мобильді байланыс сапасы төмен 76 учаске анықталды. Бүгінгі таңда оның 68-інде байланыс сапасына қатысты мәселелер шешілді.

    Жыл соңына дейін байланыс операторлары тағы үш учаскеде желі сапасын жақсартуды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, «Кар-Тел» ЖШС Темір ауданының Шұбарқұдық кентіндегі екі учаскеде, ал «Кселл» АҚ Хромтау қаласындағы бір учаскеде тиісті жұмыстар жүргізуде.

    Қалған бес учаскеде жер телімдерін рәсімдеу және техникалық шарттарды алу жұмыстары жалғасып жатыр. Оның үшеуі Шалқар қаласында, біреуі Ембіде, тағы біреуі Хромтауда орналасқан. Бұл жұмыстарға «Кар-Тел» ЖШС, «Кселл» АҚ және «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС жауапты.

    Жергілікті атқарушы органдар байланыс операторларына жер телімдерін бөлу және рәсімдеу, сондай-ақ байланыс нысандарын салуға қажетті рұқсат құжаттарын алу мәселелерінде қолдау көрсетуде.

    «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2026–2027 жылдары облыстың 172 ауылдық елді мекеніне талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту, тағы 38 ауылды спутниктік интернетпен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

    Бүгінде жоспарланған 172 елді мекеннің 56-сында жалпы ұзындығы 955,61 шақырым болатын магистральдық кабель желілері тартылды. Жұмыстар Мәртөк, Мұғалжар, Қобда және Хромтау аудандарында жүргізілуде.

    36 елді мекенде ұзындығы 560,7 шақырым талшықты-оптикалық кабель қорғаныш құбырлары арқылы пневматикалық әдіспен тартылды. Қалған 20 ауылда кабель төсеу жұмыстары жалғасуда.

    Ауа райы қолайлы болған жағдайда жыл соңына дейін тағы 26 ауылдық елді мекенде магистральдық кабель желілерін тарту жоспарланған.

    Бұдан бөлек, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 17 антенна-діңгек құрылысын салынып жатыр. Бүгінде оның жетеуінде құрылыс басталды. Қобда және Шалқар аудандарындағы екі нысанда жер қазу және бетон іргетасын құю жұмыстары атқарылуда. Қалған бес алаңда құрылыс жұмыстарын бастауға дайындық аясында тексерілді.

    Талқылауды қорытындылаған облыс әкімі Асхат Шахаров Цифрлық инфрақұрылымды дамыту және халықты сапалы интернетпен қамтамасыз ету өңір үшін маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті.

    Мемлекет басшысы цифрлық трансформацияны ел дамуының басым бағыттарының бірі ретінде айқындап, цифрлық теңсіздікті азайту, халықты сапалы интернетпен қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу бойынша нақты міндеттер жүктеген.

    Осыған байланысты Цифрлық технологиялар басқармасына байланыс операторларымен бірлесіп, ауылдық елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету жұмыстарын жеделдету және интернет байланысының сапасына тұрақты мониторинг жүргізу тапсырылды.

    Аудан және қала әкімдеріне байланыс операторларымен өзара іс-қимылды күшейтіп, желілер тартуға қажетті жер телімдерін уақтылы бөлуді және тиісті инженерлік инфрақұрылымды дайындауды қамтамасыз ету міндеттелді.

    Сондай-ақ мектептерді, ауруханаларды және басқа да әлеуметтік нысандарды сапалы интернетпен қамтуға, оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттыруға және жасанды интеллект негіздеріне үйретуге ерекше назар аудару тапсырылды.

    «Мемлекет басшысы жүктеген міндеттердің сапалы әрі уақытылы орындалуы – баршамызға ортақ жауапкершілік. Сондықтан әрбір тапсырма нақты нәтижемен орындалуы тиіс», – деп атап өтті Асхат Шахаров.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы" жаңалықтары