Көкшетау қаласында ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов аграрлық сала өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтап, олардың ерен еңбегі, кәсіпке деген адалдығы және өңір экономикасының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін алғыс білдірді. Саланың 200-ден астам өкілі мемлекеттік және ведомстволық наградалармен, алғыс хаттармен және түрлі марапаттармен марапатталды. Он қызметкерге автокөлік пен пәтердің кілттері табысталды.
«Мемлекет басшысы Ақмола облысының агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қосқан елеулі үлесін бірнеше рет атап өтті. Біз шынымен де мақтан тұтарлық жетістіктерге қол жеткіздік. Өңір еліміздің агроөнеркәсіп кешенінде жетекші орындарды сақтап келеді. Соңғы жеті жылда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы екі еседен астам өсіп, 2025 жылы 1,17 трлн теңгеге жетті. Азық-түлік өндірісі 3,4 есе артты. Облыс негізгі азық-түлік түрлері бойынша өз қажеттілігін толық қамтамасыз етіп, елорданың азық-түлік белдеуін қалыптастыруға елеулі үлес қосып отыр», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Аграршылар биыл да айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Қолайсыз ауа райы жағдайларына қарамастан, облыста шамамен 6,3 млн тонна астық жиналды. Бұл – республика өңірлері арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Жиналған астықтың 90%-ға жуығы жоғары сапалы үшінші сұрыпты бидай. Сонымен қатар, өңір тарихындағы майлы дақылдардың рекордтық өнімі – 839 мың тонна жиналды.
Мал шаруашылығы саласы да жүйелі түрде дамып келеді. Соңғы үш жылда облыста жалпы қуаты 5,8 мың басқа арналған алты ірі сүт-тауарлы ферма пайдалануға берілді. Ағымдағы жылдың он айында ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында өндірілген тауарлы сүт көлемі төрттен біріне жуық өсіп, 79 мың тоннаға жетті.
Сонымен қатар, асыл тұқымды орталықтар, 150 мың бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңдары және заманауи ет өңдеу кешенін құруды көздейтін ет кластерін қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобаларды іске асыру саланың өндірістік әлеуетін кеңейтуге, өңдеу көлемін арттыруға және өңірдің азық-түлік нарығындағы позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.
Мерекелік іс-шара барысында агроөнеркәсіп кешенінің жоғары көрсеткіштеріне күнделікті еңбегімен үлес қосып жүрген адамдарды құрметтеу ерекше назарға алынды. Ақмолалық аграршылардың еңбегі республикалық деңгейде де жоғары бағаланды.
Астанада өткен Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің III форумында Ақмола облысының өкілдеріне мемлекеттік наградалар табысталды. «Жер Өнімдері» ЖШС механизаторы Виктор Клишин III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен, «Burabay Milk» ЖШС бұзау күтушісі Әлия Қапарова «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Жалпы, биыл облыстың 15 тұрғыны мемлекеттік наградаға ие болды.
Облыстық мерекелік іс-шара аясында агроөнеркәсіп кешенінің 200-ден астам қызметкеріне мемлекеттік және ведомстволық наградалар, алғыс хаттар мен басқа да марапаттар табысталды. Олардың қатарында ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының, өңдеу өнеркәсібінің, өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы салаларының өкілдері бар.
«Ақмола облысының АӨК дамуына қосқан үлесі үшін» номинациясында 32 кәсіпорын марапатталды. Сондай-ақ бірқатар маманға «Жыл кәсіби маманы» атағы берілді.
Мерекенің ең маңызды сәттерінің бірі – саланың он қызметкеріне автокөлік пен пәтер кілттерін табыстау болды. Жылдар бойы адал еңбек етіп, жерді өңдеп, өнім өсіріп, мал шаруашылығын дамытып, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген азаматтар үшін бұл марапат материалдық қолдаумен қатар, кәсібилігіне, еңбекқорлығына және агроөнеркәсіп кешенінің дамуына қосқан елеулі үлесіне көрсетілген құрметтің белгісі болды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









