ТҮРКІСТАНДА ТҮРКІ ЕЛДЕРІНІҢ ШАХМАТ ШЕБЕРЛЕРІ БАҚ СЫНАП ЖАТЫР

    1 / 4

    Түркістан қаласында түркі мемлекеттері шахматшыларының чемпионаты өтіп жатыр. Халықаралық додаға жеті елден 24 шахматшы қатысып, ерлер, әйелдер және сеньорлар санаттары бойынша үш жекелей турнирде чемпиондық атақты сарапқа салуда.

    Қазақстан, Әзербайжан, Мажарстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстан өкілдері қатысып жатқан жарыста ерлер мен әйелдер арасындағы турнирлердің жалпы жүлде қоры 40 миллион теңгені құрайды.

    Чемпионаттың ашылу салтанатында Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров халықаралық доданың маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

    «Бүгін киелі Түркістан төрінде бауырлас түркі елдерінің үздік шахматшылары бас қосып отыр. Бұл жарыс – тек спорттық бәсеке ғана емес, мемлекеттер арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтатын маңызды алаң. Өңірімізде шахмат спортының дамуына ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде облыста 2200-ден астам спортшы шахматпен тұрақты түрде айналысады. Оларға 87 жаттықтырушы тәлім береді. Жас шахматшыларымыз Әсия Асылхан мен Айару Алтынбек халықаралық деңгейде өңір намысын абыроймен қорғап жүр. Алдағы уақытта да шахматтың дамуына қолдау көрсете береміз», – деді Ғалымжан Худияров.

    Айта кетейік, Түркі шахмат қауымдастығы 2025 жылы Астана қаласында құрылған. Биыл ұйымға төрағалық ету міндеті Қазақстанға жүктелді. Қауымдастықтың негізгі мақсаты – түркі мемлекеттері арасындағы шахмат байланысын нығайту, бірлескен жарыстар ұйымдастыру, жас шахматшыларды қолдау және халықаралық тәжірибе алмасуды дамыту.

    Қазақстан құрамасы әр санат бойынша екі спортшыдан, жалпы алты шахматшыдан жасақталған. Әйелдер арасында Самарқанд қаласында өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының күміс жүлдегерлері Елназ Қалиахмет пен Зарина Нұрғалиева бақ сынайды. Ерлер арасында Денис Махнёв пен Сауат Нұрғалиев өнер көрсетсе, сеньорлар санатында тәжірибелі гроссмейстерлер Павел Коцур мен Пётр Костенко ел намысын қорғайды.

    Жарыстың жүлде қоры да қомақты. Ерлер арасындағы турнирдің жеңімпазына 7 миллион теңге, ал әйелдер арасындағы жеңімпазға 4 миллион теңге табысталады. Сеньорлар санатындағы үздік ойыншылар да бағалы сыйлықтармен марапатталады.

    Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылдық округі әкімінің аппараты" жаңалықтары