Түркістан облысында «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысын аяқтауға Инфрақұрылымдық даму қоры есебінен 1,2 млрд теңге бөлінді. Жоба Мемлекет басшысының «Халықтық құрылыс» бастамасы және Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған су ресурстарын тиімді әрі үнемді пайдалану жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылуда. Нысандағы құрылыс жұмыстарын 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Жобалық сыйымдылығы 68 млн текше метр болатын «Бәйдібек ата» су қоймасының жалпы аумағы 680 гектарды құрайды. Нысан көктемгі су тасқыны кезеңінде ағын суды жинақтап, оны вегетациялық кезеңде ауыл шаруашылығы қажеттіліктеріне пайдалануға және қолданыстағы «Бөген» су қоймасына қосымша су жеткізуге арналған. Бұл су қорын маусымдық қажеттілікке қарай реттеп, егіншілік кезеңінде суға сұранысы артатын шаруашылықтарды тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Су қоймасы пайдалануға берілгеннен кейін 9,7 мың гектар ауыл шаруашылығы жерін қосымша су көлемімен қамтамасыз ету көзделген. Бұл суармалы егіншілікпен айналысатын шаруашылықтардың сумен қамтылу сенімділігін арттырып, су тапшылығының алдын алуға және ауыл шаруашылығы алқаптарын сумен қамтамасыз ету жағдайын жақсартуға ықпал етеді.
2026 жылы Түркістан облысында жалпы егіс алқабының көлемі 911,4 мың гектарды құрады. Оның ішінде дәнді дақылдар – 325,4 мың гектар, мал азықтық дақылдар – 213,1 мың гектар, мақта – 173,6 мың гектар, майлы дақылдар – 98,3 мың гектар, көкөніс және бақша дақылдары – 91,6 мың гектар, картоп 8,6 мың гектар алқапқа егілді. Облыстағы суармалы жерлердің жалпы көлемі 573 мың гектарды құрайды.
Өңірде су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында суару каналдарын қайта жаңғырту және жаңа су қоймаларын салу жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар су қорын жинақтауға, оны тасымалдау кезіндегі шығындарды азайтуға, суармалы жерлердің көлемін арттыруға және жаңа алқаптарды ауыл шаруашылығы айналымына енгізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар су ресурстарын ұтымды пайдаланудың маңызды бағыттарының бірі – су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында елімізде мұндай технологиялар қолданылатын алқаптардың көлемін жыл сайын 150 мың гектарға ұлғайту жұмыстары жүргізілуде. 2026 жылы бұл көрсеткіш 702,3 мың гектарды құрады. Ал 2030 жылға қарай оны 1 млн 362 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланған.
Сумен қамтамасыз етуді жақсартумен қатар, су ресурстарына түсетін жүктемені азайту мақсатында егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру жұмыстары да жүргізілуде. Бұл ретте суды көп қажет ететін дақылдардың үлесін кезең-кезеңімен қысқартуға басымдық берілуде.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









