ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ НЫСАНДАР ЖАҢАРТЫЛУДА

    1 / 4

    Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Түркістан облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, олардың жұмысымен танысты.

    Атап айтқанда, Нұрлыбек Нәлібаев Кентау қаласындағы №5 жылу электр орталығының жұмысын және жылу желілерін жаңғырту барысын көрді. 1952 жылы пайдалануға берілген жылу электр орталығы қала тұрғындарын, әлеуметтік нысандар мен кәсіпорындарды жылумен қамтамасыз ететін негізгі нысан саналады. 2024 жылы стансадағы №7–12 қазандықтар жаңғыртылып, технологиялық үдерістерді басқарудың автоматтандырылған жүйесі енгізілді. Сонымен қатар ұзақ уақыт бойы тоқтап тұрған ТГ-6 турбинасы қайта іске қосылды.

    Қаланы жылумен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттыру мақсатында 14,5 шақырым магистральдық және 14,6 шақырым орамішілік жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

    Түркістан қаласындағы медициналық нысандарды аралау 80 орынға арналған №3 перинаталдық орталықтың жаңа ғимаратынан басталды. Жоба Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы екіжақты ынтымақтастық аясында «Абу-Даби» даму қорының қаржылай қолдауымен жүзеге асырылуда.

    Төрт блоктан тұратын кешенде жүктілік патологиясы, босанғаннан кейінгі бөлімшелер, босану және операция залдары, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелері, сондай-ақ шала туған нәрестелерді күтуге арналған орындар қарастырылған.

    Нысандағы құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталған. Медициналық жабдықтарды сатып алу екі кезең бойынша жүргізілуде. Қазіргі уақытта медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету деңгейі 75 пайызды құрайды. Орталықты желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланған. Нысан іске қосылғанда 70 жаңа жұмыс орны ашылады.

    Бұдан бөлек, Түркістан қаласында 570 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жалғасуда. Қазіргі таңда нысанның дайындық деңгейі 88 пайызды құрайды. Құрылыс алаңында 300 адам еңбек етуде.

    Сондай-ақ Нұрлыбек Нәлібаев Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында салынған 26 бес қабатты тұрғын үйді аралап көрді. Тұрғын үйлердің құрылысына 28,2 млрд теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстары өткен жылдың шілде айында басталып, биыл мамыр айында аяқталған. Жаңа тұрғын үйлерде барлығы 1 039 пәтер бар.

    Сапар қорытындысы бойынша жауапты басшыларға құрылыс жұмыстарының сапасын қамтамасыз ету және белгіленген мерзімдерді сақтау, Кентау қаласының жылу желілерін жаңғырту жұмыстарын қаржыландыру мәселесін шешу, сондай-ақ медициналық және әлеуметтік инфрақұрылым жобаларын іске асыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылдық округі әкімінің аппараты" жаңалықтары