Түркістан облысында өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен спорт саласы қарқынды дамып келеді. Аймақта спорт инфрақұрылымы жаңартылып, жаңа нысандар бой көтеруде. Бұл бағыттағы қолдаулар өз нәтижесін беріп, түркістандық спортшылардың жетістіктері артып келеді.
Солардың қатарында Жоғары спорт шеберлігі мектебі де бар. Мектеп спортшылары 2026 жылдың 10 айында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, өңір спортының дамуына елеулі үлес қосты. Осы кезеңде халықаралық және республикалық жарыстарда жалпы 361 медаль жеңіп алды. Оның 138-і – алтын, 93-і – күміс, 130-ы – қола.
Мектеп директоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спортшысы Шынболат Райхановтың басшылығымен спортшылар халықаралық ареналарда жоғары нәтиже көрсетіп, ел намысын абыроймен қорғап жүр.
Биылғы жылдың басты жетістіктерінің бірі – ХХ жазғы Азия ойындарындағы нәтиже. Байрақты бәсекеге мектептің 14 спортшысы қатысып, 1 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль иеленді. Академиялық есуден Владислав Яковлев Азия ойындарының чемпионы атанып, тарихи жеңіске қол жеткізді. Дзюдодан Айдар Арапов күміс медаль иеленсе, байдарка мен каноэде есуден Ольга Шмелева күміс және қола жүлдеге қол жеткізді. Әйелдер күресінен Нулифар Раймова мен еркін күрестен Едіге Қасымбек қола медаль жеңіп алды.
Әлем чемпионаттарында мектеп спортшылары 4 медаль еншіледі. Оның ішінде 1 алтын, 1 күміс және 2 қола жүлде бар. Алтын медальді жас балуан Бағдәулет Ағабек жеңіп алды. Сонымен қатар Азия чемпионаттарында – 16, Азия кубоктарында – 18, әлем кубогында 1 медаль иеленді. Қазақстан чемпионаттарында 173, ел кубогында 90, халықаралық турнирлерде 53 жүлде қоржынға түсті.
Ұлттық құрама сапындағы мектеп спортшыларының саны 65-тен 123-ке дейін өсті. Ал жеңіп алған медальдар саны 188-ден 361-ге артты.
Бүгінде мектепте дзюдо, таеквондо, грек-рим және еркін күрес, садақ ату, теннис, ауыр атлетика, академиялық есу, байдарка мен каноэде есу, желкенді спорт және жүзу, әйелдер күресі бағыттары бойынша спортшылар даярланып жатыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









