«Өрт қауіпсіздігінің онкүндігі» іс-шаралар жоспары аясында Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мүдделі қызметтермен бірлесіп, өрттің алдын алуға және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізуде.
Алғашқы екі күнде «Қауіпсіздік есігіңізді қағады» және «Қауіпсіз үй – бақытты отбасы» акциялары ұйымдастырылды. Іс-шаралар барысында құтқарушылар тұрғын үйлерді, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасылардың үйлерін аралап, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша нұсқамалар өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Профилактикалық жұмыстар барысында қауіпсіздікті қамтамасыз етудің практикалық шараларына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, иіс газын анықтайтын датчиктер орнатылып, бұрын орнатылған құрылғылардың жұмысқа жарамдылығы тексерілді, сондай-ақ мұржаларды тазалау жұмыстары жүргізілді.
Екі күндік профилактикалық жұмыстың қорытындысы бойынша 1 700-ден астам аула араланды, оның ішінде әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтардың 95 үйі қамтылды, 3 400-ден астам азаматқа нұсқама берілді, иіс газын анықтайтын 46 датчик орнатылды, бұрын орнатылған 111 датчиктің жұмысқа жарамдылығы тексерілді. Түсіндіру жұмыстары аясында өрт қауіпсіздігі бойынша 2 623 жадынама таратылды.
Тұрғын үй секторындағы профилактикалық жұмыстар жалғасуда.
Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаменті өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтаудың, жылыту құралдарының жарамдылығын үнемі тексерудің және иіс газын анықтайтын датчиктердің болуын қамтамасыз етудің маңыздылығын еске салады. Бұл қарапайым шаралар қайғылы жағдайлардың алдын алуға және адам өмірін сақтауға мүмкіндік береді.
Қауіпсіз үй – әр адамның жауапкершілігінен басталады!
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









