Павлодардағы аулалардың бірінде өрт сөндіру техникасына арналған арнайы алаң пайда болды

    1 / 5

    Павлодар қаласындағы «Ирина» тұрғын үй кешенінің аумағында өрт сөндіру техникасын орналастыруға арналған арнайы алаң жабдықталды. Ол өрт сөндіру көліктерінің көпқабатты үйлерге кедергісіз жақындауын және авариялық-құтқару жұмыстарын жедел жүргізуді қамтамасыз етуге арналған.

    Мұндай алаңдарды жабдықтау қажеттілігі 2026 жылғы 21 қарашадан бастап күшіне енген өрт қауіпсіздігінің жаңа талаптарында қарастырылған. Өзгерістер Төтенше жағдайлар министрлігінің бастамасымен Қазақстан Республикасының «Ғимараттар мен құрылыстардың өрт қауіпсіздігі» құрылыс нормаларына енгізілді.

    Жаңа талаптарға сәйкес, көпқабатты тұрғын үйлерді жобалау және салу кезінде арнайы алаңдар қарастырылуы тиіс. Олардың ең аз өлшемі – 15 × 6 метр. Алаңның шекарасы ені 20 сантиметр болатын қызыл түсті жолақпен белгіленіп, «Тоқтауға тыйым салынады» жол белгісі және «Өрт сөндіру техникасына арналған алаң» ақпараттық тақтайшасы орнатылуы қажет.

    Мұндай алаңдар өрт сөндіру көліктерін дұрыс орналастыру, арнайы техника мен жабдықтарды орнату, су беру, сондай-ақ құтқарушылардың жұмыс жүргізілетін орындарға кедергісіз жетуі үшін қажет. Олардың маңызы әсіресе көпқабатты ғимараттардағы өрт кезінде арта түседі. Мұндай жағдайда әр минуттың маңызы зор, ал адамдарды құтқару үшін автосатылар мен басқа да арнайы техниканы пайдалану қажет.

    Арнайы алаңдарға бөгде көліктердің қойылмауына да ерекше назар аударылады. Жол белгілерінің талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

    Арнайы алаңдардың болуы тұрғын үйлер орналасқан аулаларда өрт сөндіру кезінде жиі кездесетін кедергілердің бірі – тұраққа қойылған көліктердің салдарынан өрт сөндіру машиналарының оқиға орнына жете алмауы мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаменті" жаңалықтары