Аймақ басшысы Берік Уәли Жарма ауданының Жарық ауылына барып, «Қалбатау асыл тұқымды мал заводы» ЖШС-нің жұмысымен танысты.
«Қалбатау асыл тұқымды мал заводы» ЖШС Совет заманында жұмыс істеген «Красный Скотовод» кеңшарының негізінде 2001 жылы құрылған. Шаруашылықтың негізгі қызмет бағыттары – асыл тұқымды ірі қара мал өсіру және мал азығын өндіру. Бүгінде кәсіпорын иелігінде қазақтың ақбас тұқымды 1 760 бас ірі қара және 1 442 бас жылқы бар.
Серіктестіктің ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 148 347 гектарды құрайды. Оның ішінде 10 773 гектары – егістік, 8 980 гектары – шабындық, 120 542 гектары – жайылымдық жерлер.
Кәсіпорынның өндірістік әлеуетін арттыру мақсатында 5 мың басқа арналған асыл тұқымды мал репродукторы, 7 мың басқа арналған бордақылау алаңы, жемшөп дақылдарын суаруға арналған жүйе және құрама жем цехы қарастырылған. Шаруашылықтың техникалық базасында 6 трактор, 3 комбайн және 2 тіркеме бар. Қазіргі таңда кәсіпорында 40-қа жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Облыс әкімі шаруашылықты аралап көріп, ауылдағы өндіріс орындарының дамуы жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға және елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Осы ауданның тумасы, қоғам және мемлекет қайраткері Дәулет Тұрлыхановқа туған жерге туын тігіп, ауылды түлетуге көрсетіп жатқан қолдауы үшін ризашылығын жеткізді.
«Жарық ауылының тыныс-тіршілігімен танысайын деп арнайы келіп отырмын. Қазақтың ақбас сиырының негізгі тұқымын жаңғыртып, мал басын көбейтіп жатыр екенсіздер. Бұл өте жақсы. Ауыл азаматтарының басым бөлігі осы шаруашылықта жұмыс істейді екен. Ең бастысы, елді мекенде халықтың тұрақтауына, табыс көзін табуына мүмкіндік береді. Әрине, біз де өз тарапымыздан тиісті қолдау көрсетуге дайынбыз. Жұмыстарыңызға табыс тілейміз. Жол мәселесіне келетін болсақ, жолды жыл сайын кезең-кезеңімен жөндеп отырамыз. Сондықтан тиісті жұмыстарды жоспарға сәйкес атқаратын боламыз», – деді Берік Уәли.
Сонымен қатар «Племзавод Калбатау» ЖШС Жарма ауданында ірі қара мал мен жылқы өсіруге мамандандырылған заманауи мал шаруашылығы кешенін салу жөніндегі инвестициялық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Жобаның жалпы құны 650 миллион теңгені құрайды. Қаржыландыру инвестордың жеке қаражаты есебінен жүргізіледі.
Жобаны 2026–2030 жылдар аралығында кезең-кезеңімен іске асыру көзделген. Нәтижесінде ірі қара мал мен жылқының жалпы санын 1 500 бастан асыру, сондай-ақ ауылдық жерде 30–60 тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Бұл бастама асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға және ауданның агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









