Облыс әкімі Жарма ауданының тұрғындарымен кездесті

    1 / 12

    Жиында алдымен Жарма ауданының әкімі Берік Терлікбаев ауданның 2025-2026 жылдардағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндады. Облыс әкімі Берік Уәли өңір экономикасының негізгі көрсеткіштеріне тоқталып, ауданда жүзеге асырылып жатқан жобалар мен алдағы жоспарлар жайында айтты.

    Жарма ауданында биылғы он айда 45,5 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Егіс алқабы 48,4 мың гектарды құрап, 7,1 мың гектардан 6,9 мың тоннадан астам астық жиналды. Ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 16,7 млрд теңге болатын 8 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.

    Бірлік ауылында «Асыл Түлік KZ» ЖШС 5 млрд теңгеге 600 басқа арналған сүт-тауарлы ферманың құрылысын бастады. Қалбатауда «Өр Алтай» шаруа қожалығы 1,5 млрд теңгеге күнбағыс тұқымын кептіру, өңдеу және дайын өнім өндіру зауытын іске қосты. Сондай-ақ «Агрофирма Бесқарағай» ЖШС Қалбатаудағы 5 мың гектар алқапқа 1,3 млрд теңгеге су үнемдеу технологияларын енгізуде.

    Облыстық инвестициялық жобалар тізіміне Жарма ауданынан жалпы құны 135,7 млрд теңге болатын 12 жоба енгізілген. Оларды жүзеге асыру нәтижесінде 1389 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.

    Ауданда ауыз сумен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Биыл Жаңғызтөбе кентінде, Қалбатау және Үшбиік ауылдарында су құбырларын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Шар қаласындағы сорғы станциясы жөнделіп, Жіңішке ауылындағы тозған су құбырлары ауыстырылды. Шуақ ауылындағы қазандық та жөнделіп, жылу алмастырғыш құрылғы сатып алынды.

    Жол инфрақұрылымын жақсартуға бөлінген қаражатқа Шар қаласының бес көшесі мен Сарыарқа ауылындағы бір көшені жөндеу қарастырылған. Сонымен қатар Үшбиік ауылында Ащысу өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысына да қаражат бөлінген. Аталған жоба 2027 жылы жалғасады.

    Білім беру саласында Шалабай ауылындағы Н. Крупская атындағы мектепті күрделі жөндеуге қаржы бөлінді. Аудандағы 16 мектепте ағымдағы жөндеу жүргізілді. Шар қаласындағы Жарма технология колледжі мен Қалбатаудағы Өнер мектебі де жөндеуден өтті. Үш мектепке бес пәндік кабинет сатып алынып, тоғыз мектеп қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілді.

    Шар қалалық ауруханасының бір бөлігі мен қабылдау бөлімшесін, Қалбатаудағы аурухананың қасбеті мен босандыру бөлімшесін жөндеу жұмыстары қолға алынды. Жарма аудандық және Шар қалалық ауруханаларына жаңа медициналық жабдықтар сатып алынды. Сондай-ақ ауданның медициналық мекемелеріне үш жаңа санитарлық автокөлік берілді.

    Жыл басынан бері ауданда 1266 адам жұмыспен қамтылып, алты азаматқа жаңа бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін қайтарымсыз грант берілді. «Қаладан ауылға» жобасы аясында Жарма ауданына 52 отбасы, яғни 191 адам қоныстанды.

    Аудандағы 41 ауыл интернет желісімен қамтылған. 2026–2027 жылдары тағы 27 ауылға талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту жоспарланып отыр.

    Аймақ басшысы кездесуде тұрғындарды толғандыратын мәселелердің кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын айтып, халықпен ашық диалог орнатудың маңызына тоқталды.

    «Өңірдегі маңызды мәселелерді талқылап, атқарылған жұмысқа есеп беріп, алдағы жоспарлармен бөлісу мақсатында өздеріңізбен кезекті жүздесуге келіп отырмын. Жарма ауданының тыныс-тіршілігімен өте жақсы таныспын. Әрине, қордаланған сұрақтардың барлығын қысқа мерзімде бірден шешу мүмкін емес. Дегенмен, жолдардың жағдайы, ауыз сумен қамту, елді мекендерді жарықтандыру сияқты, яғни халық үшін аса өзекті деген мәселелер ерекше назарда. Бүгінгі кездесу Сіздермен ой бөлісіп, ұсыныс-тілектеріңізді тыңдайтын маңызды диалог алаңы болады деп ойлаймын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, халықпен кері байланысты нығайтып, өңірдің барлық аумағын тең дамыту – басты басымдықтарымыздың бірі», – деді Берік Уәли.

    Аймақ басшысы кездесуден кейін аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдау барысында тұрғындар жеке қосалқы шаруашылық жүргізуге жер телімдерін бөлу, тамшылатып суару жүйесіне мемлекеттік субсидия алу мәселелерін көтерді. Облыс әкімі тұрғындардың өтініштерін тыңдап, жауапты басқармалар мен аудан әкіміне аталған мәселелерді заң аясында шешуді тапсырды.

    Аймақ басшысының қабылдауына дейін басқарма басшылары аудан тұрғындарын қабылдап, сауалдарына жауап берді.

    Кездесу соңында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелер бойынша сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Облыс әкімі көтерілген мәселелердің назардан тыс қалмайтынын атап өтті.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Абай облысының әкімдігі" жаңалықтары