Абай облысында үшжақты меморандумға қол қойылды

    1 / 12

    Бүгін Семейде облыс әкімдігі, облыс прокуратурасы және Қазақстан Республикасындағы отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл Снежанна Имашева арасында үшжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Шараға аймақ басшысы Берік Уәли қатысты.

    Құжат мүдделі тараптардың өзара іс-қимылын күшейтуге, отбасы институтын қолдауға, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша бірлескен жұмысты жүйелеуге бағытталған.

    Кездесу барысында облыс әкімі аталған бағыттағы жұмыстардың маңызына тоқталып, отбасы институтын сақтау мен әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

    «Бүгінгі басқосу адам құқықтарын қорғау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелеріне арналған өзекті диалог алаңы. Аталған саладағы жұмыстың нәтижелі болуы барлық мүдделі тараптардың өзара іс-қимылына және ортақ ұстанымына тікелей байланысты. Отбасы институтын қорғау мәселесіне Конституциямызда да айрықша мән берілген. Конституцияның 30-бабында неке мен отбасы, ана мен әке, бала мемлекеттің қорғауында болатыны бекітілген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Отбасы – ұлттың бірегей болмысын айқындайтын және мемлекет пен қоғамның дамуына тікелей ықпал ететін маңызды институт» деп айтқан болатын. Қазіргі таңда облыста 299,8 мың әйел тұрады. Бұл өңір халқының 50,8 пайызын құрайды. Өмірдің қиын жағдайына тап болған отбасыларға қолдау көрсету, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстарына басымдық берілген. Аталған бағыттағы жұмысты тиімді іске асыру мемлекеттік органдардың, құқық қорғау құрылымдарының және азаматтық қоғам өкілдерінің үйлесімді жұмысын қажет етеді. Осы тұрғыдан алғанда, бүгін қол қойылатын үшжақты меморандумның орны ерекше», – деді облыс әкімі.

    Қазіргі уақытта өңірде 4 Отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Олар Семей және Курчатов қалаларында, сондай-ақ, Абай және Бородулиха аудандарында орналасқан. Алдағы уақытта орталықтар желісін кеңейту жоспарланып отыр. Атап айтқанда, 2027–2028 жылдары облыстың қалған аудандарында да кезең-кезеңімен осындай орталықтар ашу көзделген.

    Орталықтар жұмысын бастағалы бері көмек алу үшін 2 654 азамат жүгінген. Оның ішінде 2025 жылы 1 002 адам, ал 2026 жылдың басынан бері 1 652 адам өтініш білдірген. Бұл өткен жылдың толық кезеңімен салыстырғанда 64,9 пайызға жоғары.

    Жалпы, үшжақты меморандум аясындағы бірлескен жұмыс азаматтардың құқықтарын қорғау, қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсету және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Абай облысының әкімдігі" жаңалықтары