Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің қатысуымен Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында мұз қату кезеңіндегі су айдындарындағы қауіпсіздік мәселелеріне арналған брифинг өтті.
Өңір су айдындарында мұз қату кезеңінің басталуына байланысты құтқарушылар тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға және жұқа мұз үстіне шықпауға шақырады.
ТЖД мәліметінше, 2025 жылы мұз қату кезеңінде құтқарушылар мұз астына түсіп кеткен екі баланы аман алып қалған. Өкінішке қарай, жұқа мұз үстінде балық аулау кезінде бір адам қаза тапты.
Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларына сәйкес, бір адамның мұз үстіне қауіпсіз шығуы үшін мұздың қалыңдығы кемінде 10 сантиметр, ал бұқаралық іс-шаралар өткізу үшін кемінде 25 сантиметр болуы тиіс.
Сонымен қатар мұздың қалыңдығы су айдынының барлық бөлігінде бірдей болмайтынын ескеру қажет. Әсіресе ағысы бар жерлерде, көпірлер мен қамыс өскен аумақтардың маңында мұз үстіне шығу аса қауіпті.
Құтқарушылар ата-аналарға балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмауды ескертеді. Ал қысқы балық аулауды ұнататын азаматтарды жұқа мұз үстіне шықпауға және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








