Ұлытау облысында 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымында өрттің алдын алу жұмыстары жалғасуда.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Чингиз Самиев жылыту маусымының өту барысы және тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары туралы баяндады.
Спикердің мәліметінше, 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымында облыстың жеке тұрғын үй секторында 45 өрт тіркелген. Салдарынан 2 адам жарақат алып, 3 адам құтқарылған. Қаза тапқандар тіркелмеген.
Қазіргі таңда Ұлытау облысында қатты отынмен жылытылатын 8 651 тұрғын үй бар. Оларда 30 202 адам тұрады. Оның ішінде әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар тұратын 278 үй ерекше бақылауға алынған.
Жылыту маусымына дайындық аясында 15 тамыздан бастап өрттің және улы газдан уланудың алдын алуға бағытталған кешенді профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылған.
Бүгінгі күнге дейін Департамент қызметкерлері 705 жеке тұрғын үйді аралап, 6 218 тұрғынға өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндірді. Сонымен қатар 271 арнайы датчик орнатылды. Оның 241-і улы газды, 30-ы түтінді анықтауға арналған.
Профилактикалық аралау барысында 6 тұрғын үйде өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы анықталып, барлық кемшілік үй иелері тарапынан жойылған.
Бұдан бөлек, «Жатақхана» профилактикалық акциясы аясында 13 жатақхана қамтылып, 1 000-нан астам адамға өрт қауіпсіздігі ережелері түсіндірілді.
Брифинг барысында Чингиз Самиев жылыту маусымы аяқталғанға дейін тұрғын үй секторындағы профилактикалық жұмыстар үздіксіз жалғасатынын атап өтті.
Ұлытау облысының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды пештер мен электр жабдықтарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








