ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНДА БАЛАЛАРДЫҢ ТЕРЕЗЕДЕН ҚҰЛАУЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

    1 / 2

    Ұлытау облысының Төтенше жағдайлар департаменті балалардың терезеден құлау жағдайларының алдын алу және тұрғындар арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру бағытында кешенді профилактикалық жұмыстарды жалғастыруда.

    2026 жылдың басынан бері облыс аумағында балалардың терезеден құлауы бойынша 6 жағдай тіркелді. Оның 2-еуі Жезқазған қаласында, 4-еуі Сәтбаев қаласында орын алған. Өкінішке қарай, бір жағдай қайғылы жағдаймен аяқталды. Салыстырмалы түрде айтқанда, 2025 жылы осындай 15 оқиға тіркеліп, 2 бала қаза тапқан.

    Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері 2026 жылғы 23 сәуірде өткен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі облыстық комиссияның жоспарлы отырысында қаралды.

    Қазіргі уақытта өңірде «Қауіпсіз терезе» профилактикалық акциясы өткізілуде. Акция аясында демеушілердің қолдауымен әлеуметтік осал топтағы және көпбалалы отбасылар тұратын пәтерлерге 468 арнайы терезе бұғаттағышы орнатылды. Бұл құрылғылар балалардың терезені өздігінен ашуына жол бермейді.

    Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінуде. Профилактикалық іс-шаралар барысында:

    • 397 нысанда профилактикалық рейдтік тексеру жүргізіліп, 9 252 адам қамтылды;
    • 8 870 ақпараттық материал таратылды;
    • LED-экрандарда профилактикалық бейнероликтер 256 рет көрсетілді;
    • Бұқаралық ақпарат құралдарында 290 материал жарияланды;
    • Тұрғындарға тарату үшін қосымша 20 000 ақпараттық жадынама дайындалды.

    Сонымен қатар, ақпараттық материалдар қоғамдық орындарға орналастырылып, балабақшалар мен мектеп жанындағы лагерьлерде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.

    Профилактикалық іс-шараларға Ұлытау облысы ТЖД қызметкерлері, Полиция департаментінің өкілдері және еріктілер жұмылдырылған. Учаскелік полиция инспекторлары мен ювеналды полиция қызметкерлері аулаларды және пәтерлерді аралау барысында ата-аналарға балалардың терезеден құлауының алдын алу бойынша негізгі қауіпсіздік талаптарын түсіндіруде.

    Профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында мемлекеттік және орыс тілдерінде қауіпсіздіктің түрлі бағыттарын қамтитын 10 анимациялық дудл-бейнеролик әзірленіп, өңірдегі LED-экрандарда көрсетілуде.

    Бұдан бөлек, Ұлытау облысы ТЖД «Coffeex» және «Ozinshe» кофеханаларымен бірлесіп, қауіпсіздік ережелері бейнеленген арнайы стақандар шығару бойынша әлеуметтік жобаны жүзеге асырды. Стақандарда өрт қауіпсіздігі, су айдындарындағы қауіпсіздік және балалардың терезеден құлауының алдын алу жөніндегі ұсынымдар, сондай-ақ қосымша ақпараттық материалдарға бағыттайтын QR-кодтар орналастырылған.

    Профилактикалық жұмыстың жаңа бағыттарының бірі – жасанды интеллект технологияларын қолдану. Департамент заманауи технологиялардың көмегімен балалардың терезеден құлауының алдын алуға бағытталған арнайы бейнеролик әзірледі.

    Бейнероликтің негізгі мақсаты – ата-аналардың назарын ашық терезелердің қауіптілігіне аудару, арнайы қорғаныс құрылғыларын орнатудың маңыздылығын түсіндіру және кішкентай балаларды қараусыз қалдырмауға шақыру.

    Аталған бейнеролик тұрғындарды кеңінен ақпараттандыру мақсатында әлеуметтік желілерде және өзге де ақпараттық алаңдарда жарияланатын болады.

    Ұлытау облысы ТЖД ескертеді: москит торы баланы терезеден құлаудан қорғамайды! Балаларды қараусыз қалдырмаңыздар, терезе маңына жиһаз орналастырмаңыздар және міндетті түрде арнайы терезе бұғаттағыштарын орнатыңыздар.

    Балалардың қауіпсіздігі – ересектердің жауапкершілігінен басталады!

    Облыс аумағында төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстар жалғасуда.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ұлытау облысының Төтенше жағдайлар департаменті" жаңалықтары