Жас сарбаздар әскери өмірге машықтануда

    «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қала гарнизонына қарасты әскери бөлімдерінде күзгі шақырылым бойынша келген сарбаздар үшін жас жауынгер курсы басталды. Бұл – әскери қызметтің маңызды кезеңдерінің бірі. Осы уақытта сарбаздар жаңа ортаға бейімделіп қана қоймай, әскери дайындықтың алғашқы негіздерін меңгереді. Бір ай бойы жас жауынгерлер әскери жарғыларды оқып, қару-жарақпен танысады және саптық дайындықтан өтеді. Алдағы уақытта алған білімдерін тәжірибе жүзінде қолдануға машықтанады.
    Бауыржан Момышұлы атындағы 5-механикаландырылған бригадаға биыл күзде 300-ден астам жас сарбаз келіп қосылды. Олар алғашқы күннен бастап қарқынды оқу-жаттығу үдерісіне кірісті. Жас жауынгерлер әскери жарғыларды меңгеріп, Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің құрылымымен танысады. Сонымен қатар өздері қызмет өткеруге келген әскери бөлімнің құрылу тарихын зерделейді.

    Қазақстандағы жалғыз таулы-егерлік полкіне де жас сарбаздар толықтырылды. Бұл әскери бөлімге шақырылушыларды іріктеу кезінде ауылдық жерлерде өскен, атқа міну мен жылқы күтіміне бейім жастарға басымдық берілген. Алайда олар өздерінің әскери-есептік мамандықтары бойынша қызметке бірден кіріспейді. Алдымен барлығы бір айлық жас жауынгер курсынан өтіп, бастапқы әскери дайындықтан өтеді.

    Ал әзірге әскери бөлімге келген алғашқы күндері жас сарбаздар қарапайым дағдыларды үйренуде. Атап айтқанда, сарбаз төсегін жинау, әскери киім үлгісін белгіленген тәртіппен орналастыру, сапқа тұру тәртібін меңгеруде.

    – Әскери бөлімдегі күн тәртібі мен жүріс- тұрыс ережелерімен танысу – әскери тәртіпті үйрену мен оны сақтаудың алғашқы кезеңі. Жас сарбаздардың алдында көптеген жаңалық тұрғанын түсінеміз. Сондықтан әр нәрсені егжей-тегжейлі түсіндіріп, барынша жан-жақты үйретуге тырысамыз, – дейді таулы-егерлік полкі взводының сержанты, аға сержант Жолдас Тіленшиев.

    Бастапқы кезеңде сержант-нұсқаушылардың жұмысы ерекше маңызды. Олар жас сарбаздарға әскери қызметтің негізгі дағдыларын меңгеруге көмектеседі. Осыған байланысты жас толықтыруды қабылдау жиынының құрамына әскери бөлім командирлері тәжірибелі офицерлер мен келісімшарт бойынша қызмет ететін әскери қызметшілерді іріктеген. Өйткені жас сарбаздардың жаңа ортаға бейімделуі мен әскери қызметке деген көзқарасының қалыптасуы көп жағдайда олардың жұмысына байланысты.

    Сонымен қатар жас жауынгерлер қару-жарақтың тактикалық-техникалық сипаттамаларын зерделеп, практикалық дағдыларды меңгеруде. Атап айтқанда, автоматты бөлшектеу және қайта жинау жаттығуларын орындайды. Қазірдің өзінде олардың арасында өзара бәсекелестік байқалады. Әрқайсысы тапсырманы өзгелерден жылдам әрі дәл орындауға тырысады.

    – Алғашында біраз қиындық болды. Бірақ біртіндеп ненің қалай орындалатынын түсіне бастайсың. Сержанттар үнемі көмектесіп, бағыт- бағдар береді. Өзіміз де бір-бірімізге қолдау көрсетеміз. Мұның бәрі бізді жақындастырып, бір команда болуға ықпал етеді, – дейді күзгі шақырылыммен Бауыржан Момышұлы атындағы 5-механикаландырылған бригадаға келген сарбаз Ерасыл Мейіржанов.

    Алдағы уақытта әр жас жауынгерге жеке қару бекітіледі. Онымен алдағы әскери қызметін атқаратын болады. Жас жауынгер курсы полигондағы практикалық сабақтармен жалғасып, сарбаздар броньды техникамен дәстүрлі сынақтан өтеді. Бір айлық дайындық әскери ант қабылдау рәсімімен аяқталады. Бұл салтанатты шараға сарбаздардың туған- туыстары да қатысып, ұлдарының әскери ортада шыңдалып, есейгенін өз көздерімен көре алады.

    Қазіргі уақытта жас жауынгер курсы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының барлық әскери бөлімінде өтуде. Ол жас сарбаздарға әскери қызметтің алғашқы дағдыларын меңгеріп, әскери істі үйренумен қатар, жаңа ортаға бейімделуге, өзіне деген сенімділігін арттырып, әскери ұжымның бір мүшесіне айналуға мүмкіндік береді.

    – Жас жауынгер курсы кезінде офицерлер мен сержанттардың басты міндеті – әр сарбазбен тіл табысып, олардың бойындағы қобалжуды сейілту, әскердің қорқынышты әрі қиын екені туралы қалыптасқан түсініктерден арылтуға көмектесу. Сонда жігіттердің бәрі де үйреніп, жаңа ортаға тез бейімделеді және өздерін сенімді сезіне бастайды, – деп атап өтті «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Ержан Ибраев.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Шу ауданының әкімдігі" жаңалықтары