Таразда студенттер арасындағы құқықбұзушылық пен буллингтің алдын алу мәселелері талқыланды

    1 / 5

    Тараз қаласында студенттер арасында құқықбұзушылық пен қылмыстың, буллинг пен әлімжеттіктің алдын алу мақсатында кездесу өтті.

    Жиынға Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Әсет Оспанов, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекқызы, Тараз қаласы Полиция басқармасы бастығының орынбасары Ержан Есеев, ата-аналар комитетінің өкілдері, ұстаздар мен студенттер қатысты.

    Кездесу барысында жастар арасындағы төбелес, буллинг, бопсалау, әлімжеттік және өзге де құқықбұзушылықтар мәселесі қозғалды.

    Полиция департаменті бастығының орынбасары Әсет Оспанов өз баяндамасында қылмыстық жауапкершілік, заң талаптары мен құқықбұзушылықтың салдары туралы түсіндірді. Сонымен қатар, Тараз қаласы мен облыс аумағында орын алған қайғылы оқиғаларды мысалға келтіріп, болмашы жанжалдың өзі адам өміріне қауіп төндіріп, ауыр қылмысқа ұласуы мүмкін екенін ескертті. Буллинг пен бопсалаудың да заң аясында жауапкершілікке әкелетінін атап өтті.

    Ал қала әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекқызы жастарды білімге, еңбекке және қоғамдық өмірге белсенді араласуға шақырды. Сондай-ақ жастарға арналған мүмкіндіктерге тоқталды. Атап айтқанда, кәсіп бастауға берілетін 1 миллион теңгелік гранттар, волонтерлерге арналған қолдау шаралары, оқу гранттары және «Жасыл ел» еңбек жасақтары таныстырылды.

    Жастардың бос уақытын тиімді пайдаланып, мемлекеттік бағдарламалар мен түрлі жобаларға белсенді қатысуы құқықбұзушылықтың алдын алудың маңызды жолы екені айтылды.

    Кездесу барысында тақырыпқа қатысты бейнероликтер көрсетіліп, студенттерге құқықтық сауаттылықты арттыру, заңды құрметтеу және өзара сыйластық мәдениетін қалыптастыру жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

    Басты мақсат – жастарды құқықбұзушылықтан сақтандыру, олардың бойында жауапкершілік қалыптастыру және қоғамда қауіпсіз орта қалыптастыру.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Тараз қаласының әкімдігі" жаңалықтары