Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында облыстық полиция ведомствосы қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Куркебаев қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Оның айтуынша, өңірде тіркелген қылмыстардың жалпы саны, оның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстар саны төмендеген. Сондай-ақ көшелерде және қоғамдық орындарда, алкогольдік масаң күйде, кәмелетке толмағандар жасаған және отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстар саны азайған.
– Алдын алу жұмыстары аясында қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішкені және масаң күйде жүргені үшін 9003 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Алкоголь өнімдерін өткізу саласындағы заңнама талаптарын бұзғаны үшін 440 кәсіпкер жауапкершілікке тартылды. Айта кету керек, 51 ауылдық округте дүкен иелері алкоголь өнімдерін сатудан өз еркімен бас тартты. Олардың әрқайсысымен үшжақты меморандумға қол қойылды, – деді Азамат Куркебаев.
Спикер жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамдарды бақылау үшін 50 электронды бақылау құралы (браслет) сатып алынғанын хабарлады.
Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл саласында 4656 құқық бұзушылық анықталып, олар бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Учаскелік инспекторлар 3674 қорғау нұсқамасын шығарды. Полицияның өтінішхаттары бойынша соттар құқық бұзушылардың мінез-құлқына қатысты 1069 ерекше талап белгіледі. 1059 жағдайда алкогольдік ішімдіктерді тұтынуға шектеу қойылса, 301 жағдайда психологиялық көмек алу қарастырылған.
Полиция кәмелетке толмағандармен және қолайсыз отбасылармен де тиісті профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Жыл басынан бері балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 1459 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта тұрғынжайдан тыс жерде және заңды өкілінің еріп жүруінсіз ойын-сауық орындарында болғаны үшін 2737 адам жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ түнгі уақытта балалардың ата-аналарының еріп жүруінсіз ойын-сауық орындарында болуына жол бергені үшін 58 кәсіпкер жазаланды.
– Қоғамдық қауіпсіздік – баршамызға ортақ жауапкершілік. Әр азаматтың заң талаптарын адал орындауы халықтың тыныштығы мен әл-ауқатына әсер етеді. Заңды сақтай отырып, Ертіс өңірінің полицейлері кез келген сын-қатерге қарсы тұрып, құқықтық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын қамтамасыз ету жолындағы жұмысты абыроймен жалғастыруға дайын, – деп сөзін қорытындылады подполковник Куркебаев.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









