Павлодар облысындағы ойын-сауық орындарының «қауіпсіздік рейтингі» жасалды

    Павлодар облысының полиция департаментінде құқық қорғау органдары жиі баратын ойын-сауық орындарының рейтингі жасалды.
    Жыл басынан бері Павлодар облысындағы ойын-сауық орындарынан «102» арнасына 821 шақырту түскен. Оның 682-сі Павлодар қаласына, 112-сі Екібастұз қаласына, 26-сы Ақсу қаласына тиесілі. Тереңкөл және Баянауыл аудандарынан 8-ден, Железин ауданынан 5, Аққулы және Успен аудандарынан 2-ден шақырту тіркелген.
    – Аналитикалық бөлімше «102» арнасы арқылы келіп түскен құқық бұзушылықтар туралы хабарламалар негізінде ойын-сауық орындарының қауіпсіздік деңгейін бағалау критерийлеріне мониторинг жүргізіп, зерделеу жұмыстарын атқарды. Сонымен қатар бір сипаттағы шағымдар да түседі: айыппұлды төлемеу, әкімшілік тарапынан дөрекілік таныту, қатты музыка, жеке заттарды қараусыз қалдыру. Бұл ойын-сауық орындарына қатысты шақыртулар санының өсуіне әкеледі, – деді Павлодар облысы ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Куркебаев.
    «Антирейтингке» облыста шақыртулар саны ең көп тіркелген сегіз ойын-сауық орны енді:
    - Павлодар қаласында: «Громче» – 65, «Понаехали» – 40, «Южный» – 31, «Гудзон» және «Альфате» – 30-дан, «Чечел» – 25;
    - Екібастұз қаласында: «Палладиум» – 10;
    - Ақсу қаласында: «Баурдак» – 3.
    Ведомствода атап өткендей, полиция барлық аталған нысандарға құқық бұзушылық жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныстар жолдады. Полиция талаптарын елемеген және құқық бұзушылықтар қайталанған жағдайда кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке, тіпті қызметін тоқтатуға дейін тартылуы мүмкін.
    Сонымен қатар антирейтингке енген барлық ойын-сауық орындары ерекше бақылауға алынды. Түнгі уақытта патрульдік полиция нарядтарының бағыттары осы нысандарға барынша жақындатылып, жанжалдар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу және оларды жедел түрде тоқтату қамтамасыз етіледі.
    Полиция облыс тұрғындары мен қонақтарын демалыс кезінде қырағы болуға, бағалы заттарын қараусыз қалдырмауға, сондай-ақ күзеті сенімді және бейнебақылау жүйесі орнатылған ойын-сауық орындарын таңдауға шақырады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Павлодар облысының Полиция департаменті" жаңалықтары