Адам өмірін құтқару — басты мұрат

    1 / 4

    Көпшілік Ерасыл Болатұлы — Қостанай облысы Қамысты ауданының № 18 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі. Ол үшін азаматтық қорғау органдарындағы қызмет — жай ғана жұмыс емес, адамдарға көмектесу, қиын сәтте қол ұшын созу және ең қымбат құндылық — адам өмірі үшін жауапкершілік алу.

    Оның кәсіби жолы 2023 жылдың қараша айында Көкшетау қаласында оқудан басталды. Сол жылдың желтоқсан айында Қамысты ауданының № 18 өрт сөндіру бөліміне қызметке келді. Ол кезде Ерасыл ұжымдағы ең жас қызметкерлердің бірі болатын. Аға әріптестері оны жылы қабылдап, тәжірибелерімен бөлісіп, ақыл-кеңестерін айтып, мамандықты меңгеруіне көмектесті. Ұжымның қолдауы оның кәсіби маман ретінде қалыптасуына ықпал етіп, өрт сөндіру-құтқару қызметінде өзара көмек, тәртіп пен ауызбіршіліктің қаншалықты маңызды екенін түсінуге мүмкіндік берді.

    2024 жылғы 10 қаңтарда Ерасыл өрт сөндіруші-құтқарушы лауазымына тағайындалса, 2025 жылғы 11 сәуірде бөлімше командирі қызметіне тағайындалды. Осы уақыт аралығында ол мамандықты енді меңгере бастаған жас қызметкерден жеке құрамға жауапты, алдына қойылған міндеттерді орындауды ұйымдастыратын командир дәрежесіне дейін өсті.

    Ерасыл үшін адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Ол әрбір төтенше жағдайдың артында адамдардың тағдыры, отбасы мен үміті тұрғанын жақсы түсінеді. Мұндай сәттерде батыл әрекет ету, сабырлық сақтау және қауіп-қатерге қарамастан көмекке келуге дайын болу аса маңызды. Ол өз жұмысының басты мәнін осыдан көреді.

    «Мен осы мамандықты таңдағаныма мақтанамын. Өрт сөндірушінің басты міндеті — адам өмірін сақтау. Адамдардың алғысын есту және біздің әрекетіміздің арқасында бір адамның болса да өмірі құтқарылғанын білу — мен үшін үлкен қуаныш әрі жетістік. Егер бір адамға болса да көмегіміз тисе, еңбегіміздің зая кетпегені», — дейді Ерасыл.

    Ерасылдың өмірінде отбасының орны ерекше. Ол жақындарын жақсы көреді, оларды мақтан тұтады және қуанышты сәттерде де, қиындықтарда да әрдайым жанынан табылатынын бағалайды. Ол үшін отбасы — шаршаған кезде күш беретін, қамқорлық пен жылулық сыйлайтын, ертеңгі күнге деген сенімін нығайтатын кішкентай Отаны. Жақындарының қолдауы оған алға ұмтылуға және өмірдегі қиындықтарды еңсеруге көмектеседі.

    Ерасыл жас ұрпаққа білім алуға, салауатты өмір салтын ұстануға, бір орында тоқтап қалмай, үнемі өзін-өзі жетілдіруге кеңес береді. Оның пікірінше, қиындықтардан қорықпау, жаңа нәрселерді үйренуге деген қызығушылықты жоғалтпау және алға қойған мақсатқа табандылықпен ұмтылу маңызды. Өйткені жетістікке үйренуге, дамуға және өз таңдауы үшін жауапкершілік алуға дайын адамдар ғана жете алады.

    Оған қазақтың көрнекті ақыны Мағжан Жұмабаевтың жастардың күшіне, ар-намысына және болашағына сенім білдірген өлең жолдары ерекше шабыт береді:

    Арыстандай айбатты,
    Жолбарыстай қайратты —
    Қырандай күштi қанатты.
    Мен жастарға сенемiн!

    Бұл өлең жолдары жастық шақтың үлкен мүмкіндіктерге, батыл шешімдер мен маңызды жетістіктерге толы кезең екенін еске салады. Ерасыл әрбір жас адал еңбек етіп, өз ұстанымдарына берік болып, қиындықтарға мойымай, ел болашағына үлес қоса алатынына сенеді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаменті" жаңалықтары