Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Қорғалжын ауданының тұрғындарымен кездесті. Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, негізгі жобалардың жүзеге асырылуы және алдағы кезеңге арналған міндеттер талқыланды. Ауыл шаруашылығын дамытуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға басымдық берілді.
Аудан экономикасының негізін аграрлық сала құрайды. Жазғы қуаңшылыққа қарамастан, шаруалар 157 мың тоннадан астам астық жинады. Соңғы үш жылда майлы дақылдардың егіс көлемі жеті есеге жуық ұлғайып, 20,8 мың гектарға жетті. «САСС Агро», «Жанибек и Керей», «Тінәлі-2022» және «Ависс» шаруашылықтары жақсы нәтижелерге қол жеткізді.
Өңір басшысы суармалы егіншілік пен мал шаруашылығын дамыту мүмкіндіктеріне тоқталды. Қорғалжын ауданы облыста бірыңғай ет кластерін қалыптастыру тұжырымдамасына енгізілген. Осыған байланысты жергілікті шаруашылықтарға жеңілдетілген несие бағдарламаларын тиімді пайдалану, мал басын көбейту және асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту ұсынылды.
Инвестиция тарту және өңдеу өнеркәсібін дамыту бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. Қорғалжын ауылында «Agro Olymp Logistic» сүт өңдеу кәсіпорнын іске қосу жоспарланса, Сабынды ауылында жылыжай шаруашылығын қалпына келтіру жобасы жүзеге асырылуда.
Әлеуметтік салада білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарын жаңғырту бойынша атқарылған жұмыстар атап өтілді. Қорғалжын ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды, аудандық ауруханаға күрделі жөндеу жүргізілді. Сабынды ауылындағы мәдениет үйі жөнделуде, ал келесі жылы Шалқар ауылындағы осындай нысанды жаңарту басталады. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен бір тірек және үш шағын жинақты мектеп қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Инфрақұрылымды дамыту да негізгі міндеттердің бірі болып қала береді. 2027 жылы Қорғалжын, Кенбидайық, Шалқар және Сабынды ауылдарындағы жолдарды жөндеу жоспарланған. Нұра топтық су құбырының реконструкциясы жалғасуда. Жоба ауданның 12 елді мекенін тұрақты ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының «Халықтық құрылыс» бастамасы аясында Қорғалжын ауылында блокты-модульдік қазандық пен ұзындығы 8 шақырым жылу желілерін салу көзделген. Жұмыстарды 2028 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Жоба іске асқаннан кейін аудан орталығы алғаш рет орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етіледі.
Кездесу қорытындысы бойынша Марат Ахметжанов аудан әкімдігіне ауыл шаруашылығын дамыту, инвестиция тарту, жер ресурстарын тиімді пайдалану және инфрақұрылымдық жобаларды уақытылы жүзеге асыру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.
Жиын соңында ауданның дамуына елеулі үлес қосқан тұрғындар марапатталды. Сонымен қатар облыс әкімі азаматтарды жеке қабылдап, олардың өтініштері мен өзекті мәселелерін тыңдады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









