Бразилиа, 2026 жылғы 17 қараша– Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі Болат Нүсіпов Бразилия тау-кен өнеркәсібі институтының (IBRAM) президентінің міндетін атқарушы Пабло Сезариомен кездесу өткізді.
Tараптар, кездесу барысында тау-кен өнеркәсібі саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту, Қазақстанға бразилиялық инвестицияларды тарту және бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады.
Елші сұхбаттасын Қазақстанның геологиялық барлау, минералдық ресурстарды өндіру және өңдеу салаларындағы инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстырды, сондай-ақ бірқатар перспективалы инвестициялық жобаларды ұсынды.
Қазақстандық және бразилиялық бейінді компаниялар арасында тікелей байланыстар орнатуға, тәжірибе мен озық технологиялар алмасуға, сондай-ақ халықаралық салалық көрмелер мен форумдарға қатысуға ерекше назар аударылды. Бразилияның «Vale» компаниясының Қазақстан нарығына шығу мүмкіндігіне ерекше қызығушылық танытылды.
Тараптар, екі елдің тау-кен өнеркәсібі саласындағы өзара тиімді ынтымақтастығын кеңейту әлеуетінің зор екенін атап өтті.
Кездесу соңында Елші Болат Нүсіпов қазақтың ұлы ғалымы, академик, геолог және Қазақстандағы тау-кен ғылымының негізін қалаушы Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен қызметі туралы әңгімелеп, Институт кітапханасына ғалымның кітабын сыйға тартты.
Анықтама:IBRAM – 1976 жылы құрылған Бразилияның жетекші коммерциялық емес салалық ұйымы. Елдегі минералдық шикізат өндірісінің 85%-ын қамтамасыз ететін 300-ден астам қатысушыны біріктіреді және ұлттық және халықаралық деңгейлерде тау-кен өнеркәсібінің мүдделерін білдіреді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









