Төрт коллекторлық агенттікті лицензиядан айыру туралы

    Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған қадағалау қызметінің шеңберінде коллекторлық агенттіктердің қызметіне тексерулер жүргізді.

    Нәтижесінде борышкерлермен және (немесе) үшінші тұлғалармен өзара іс- қимыл жасау кезінде жосықсыз әрекеттер жасаудың жүйелі (қатарынан күнтізбелік 12 ай ішінде үш және одан да көп рет) фактілері анықталды. Осыған байланысты заңнамаға сәйкес Агенттіктің 2026 жылғы 16 қарашадағы бұйрықтары негізінде төмендегілер коллекторлық агенттіктер тізілімінен алып тасталды:

    1. «Seven» коллекторлық агенттігі» ЖШС (№6 бұйрық);

    2. «iCollect» коллекторлық агенттігі» ЖШС (№78 бұйрық);

    3. «Каз Инвест Коллекшн»коллекторлық агенттігі» ЖШС(№7бұйрық);

    4. «Табыс»коллекторлық агенттігі» ЖШС(№43бұйрық).

    Тізілімнен шығару көрсетілген ұйымдарды коллекторлық қызметті жүзеге асыру құқығынан айырады. Аталған компаниялар:

    - тізілімнен шығару туралы хабарламаны алған күннен бастап күнтізбелік
    5 күн ішінде
    бұл туралы тиісті кредиторларды, борышкерлер мен сенімгерлік басқару шарттары жасалған адамдарды хабардар етуге;

    - хабарламаны алған күннен кейін күнтізбелік 30 күн ішінде өз атауынан «коллекторлық агенттік» деген сөздер мен олардан туындайтын, коллекторлық қызметті жүзеге асыруды білдіретін сөздерді алып тастау арқылы қайта тіркеу рәсімін жүргізуге міндетті.

    Бұл ретте коллекторлық агенттікті тізілімнен шығару борышкерлерді банктік қарыз шарттары немесе микрокредит беру туралы шарттар бойынша міндеттемелерді орындаудан босатпайды.

    Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау қадағалау қызметінің негізгі басымдықтарының бірі болып табылады. Агенттік коллекторлық қызметтер нарығында жосықсыз практикаларды анықтау, жолын кесу және алдын алу жөнінде дәйекті шаралар қабылдайды. Борышкерлердің құқықтарын сақтауға және берешекті өндіріп алудың заңсыз әдістеріне жол бермеуге ерекше назар аударылады.

    Агенттік бұзушылықтарға уақтылы ден қоюды және заңдарда көзделген ықпал ету шаралары мен санкцияларды қолдануды қамтамасыз ете отырып, коллекторлық агенттіктердің қызметіне тәуекелге бағдарланған қадағалауды жүзеге асыруды жалғастыратын болады.

    Сыртқы коммуникациялар басқармасы

    [email protected]

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі" жаңалықтары