Қарағанды облысының үш оқушысы жаратылыстану-математикалық бағыттағы XIX Президенттік олимпиаданың жүлдегері атанды. Астанада өткен республикалық кезеңге 11-сыныпта оқитын 188 оқушы қатысып, математика, физика, химия және биология пәндері бойынша білімдерін сарапқа салды.

Өңір намысын іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен тоғыз оқушы қорғады. Олимпиада қорытындысы бойынша Қарағанды қаласындағы №2 лицейдің оқушысы Диана Нүркенова күміс медаль иеленді.
– Маған ең қиыны физика болды, ал биология пәнінің тапсырмаларын орындау жеңілірек болды. Жеңіске жету үшін дайындықты әлі де пысықтауым керек еді деп ойлаймын. Дегенмен екінші орынның өзі – үлкен жетістік, – деді Диана.
Облыс қоржынына тағы екі қола медальді «Мұрагер» мектеп-интернатының оқушысы Имран Чавоши мен «Дарын» мектеп-интернатының шәкірті Әлішер Сайлау салды.

Имранның сүйікті пәні – физика. Ол бұған дейін түрлі деңгейдегі лингвистикалық байқауларда жеңімпаз атанып, ғылыми жобалар конкурстарына қатысқан. Сондай-ақ математикадан өткен халықаралық олимпиадада бақ сынаған. Алайда Президенттік олимпиада ол үшін ерекше сынақ болды. Өйткені бұл жолы бірден төрт пән бойынша дайындалуға тура келді.
– Президенттік олимпиадаға қатысу үшін барлық пәннен, соның ішінде өзім онша қызыға бермейтін химия мен биологиядан да дайындалуыма тура келді. Кейбір тақырыптарды тереңірек меңгеріп, сәттілік серік болғанда, бұдан да жоғары нәтиже көрсетуге болар еді деп ойлаймын. Дегенмен бұл олимпиада мен үшін үлкен тәжірибе жинақтап, жаңа достар табуға мүмкіндік берген маңызды дода болды, – деді оқушы.

Әлішер Сайлау ең көп қиналған пәні химия болғанын жасырмады. Енді осы пәнге көбірек көңіл бөлуді жоспарлап отыр. Оның пікірінше, бұдан да жоғары нәтиже көрсетуіне кейбір тапсырмаларға мұқият болмағаны кедергі келтірген.
– Физикадан бір есепті шығару кезінде формуланы қате жазып, соның салдарынан қателік жібердім. Бұған дейін республикалық олимпиадалардың облыстық кезеңдерінде бірнеше рет жүлдеге ие болған едім. Сондықтан бұл жолы да жүлдегер атанғаныма қуаныштымын. Маған қолдау көрсетіп, дайындалуыма көмектескен жетекшілерім мен ұстаздарыма алғыс айтамын, – деді Әлішер.
Осылайша, Қарағанды облысының оқушылар командасы Астанадан бір күміс және екі қола медальмен оралды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









