Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің студенттерімен кездесіп, өңір экономикасының даму барысы мен алдағы мүмкіндіктері туралы дәріс оқыды. Сондай-ақ жас мамандардың еңбек нарығындағы орны, жұмысқа орналасу әлеуеті жөнінде ой бөлісті.

Өнеркәсіптің дамуына не серпін береді, инвесторларды өңірге қандай мүмкіндіктер қызықтырады, жолдар мен инженерлік инфрақұрылым құрылысы жаңа жұмыс орындарының ашылуына қалай ықпал етеді? Болашақ экономистермен жүздесуде осы сауалдар төңірегінде әңгіме өрбіді.

Өңір басшысы жұмыс істеп тұрған және жаңадан қолға алынған жобаларды мысалға ала отырып, облыс экономикасының әлеуеті мен даму бағыттарын түсіндірді. Сондай-ақ өсімге негіз бола алатын салаларға тоқталып, жаңа кәсіпорындардың ашылуына қажетті жағдайлар туралы айтты.

Кездесуде жоғары оқу орындары түлектерін жұмыспен қамту мәселесі де назардан тыс қалмады. Облыс әкімі студенттерге еңбек жолын бастау үшін мінсіз ұсынысты күтіп отырмай, алғашқы мүмкіндікті тиімді пайдалануға, қарапайым қызметтен бастаудан қысылмауға және тәжірибе жинауға кеңес берді.
– Өңірдің болашағы табиғи ресурстарға, зауыттарға, инвестиция мен мемлекетке ғана байланысты емес. Ең алдымен, оның дамуы адамдарға, сол жолда еңбек ететін азаматтарға байланысты. Ал бүгінгі жастар – ертеңгі өңір дамуына үлес қосатын буын. Сондықтан еңбек жолын кез келген жұмыстан бастауға болады, одан қорқудың қажеті жоқ. Ең бастысы – облыста қандай мүмкіндіктер бар екенін біліп, алған білімдеріңізді қай салада кәдеге жарата алатындарыңызды түсіну, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Өңір басшысы жастармен кездесуде экономика мен еңбек нарығы туралы әңгімелеп қана қоймай, ой-өрісті кеңейтуге көмектесетін кітаптарды да оқуға кеңес берді.

Дәрістен кейін жүздесу ашық сұхбат форматында жалғасты.

Студенттерді, әсіресе, диплом алғаннан кейін қайда жұмыс істеуге болатыны, алдағы уақытта экономиканың қай салаларына сұраныс артатыны қызықтырды.

«Туризм» мамандығының төртінші курсында оқитын Айнұр Каренова жарты жылдан кейін диплом алады. Ол қазірден бастап болашақ еңбек жолын жоспарлап жүр. Алайда шетелге саяхат ұйымдастыратын туристік агенттікте жұмыс істеуден гөрі, ел ішіндегі туризмді дамытуға үлес қосқысы келеді.
Осы орайда ол облыс әкіміне өңірде қандай туристік жобалар жүзеге асырылып жатқанын және бұл салада жас мамандарға қандай мүмкіндік бар екенін сұрады.

Ермағанбет Бөлекпаев Балқаш, Приозерск және Қарқаралы қалаларында туризмді дамыту бағытында қолға алынған жобаларға тоқталды. Балқаш көлінің жағалауында ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қажетті инфрақұрылым жасалып, арнайы экономикалық аймақ құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Приозерск қаласында әлеуетті инвесторларға арналған сегіз гектар жер учаскесі әзірленген. Бұған қоса, Қарқаралыдағы Бұғылы шатқалы да туристік әлеуеті жоғары мекендердің бірі ретінде аталды.

Әңгіме барысында облыс әкімі Айнұрға облыстық туризм басқармасында тәжірибеден өтуді ұсынды. Сондай-ақ тәжірибеден кейін жұмысқа орналасу мүмкіндігін қарастыруға болатынын айтты.
Студент өзі үшін маңызды сауал қою кезінде қатты толқығанын жеткізді.
– Менің ойымша, Қарағанды облысында туризмді дамытуға мүмкіндік мол. Өңірімізде экономикаға үлес қоса алатын демалыс орындары мен көрікті мекендер көп. Осы саланың өркендеуіне өз білімім мен күш-жігерімді жұмсауға дайынмын, – деді Айнұр.

Жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы шет тілдері факультетінің төртінші курс студенті Дінмұхаммед Даниярұлы да сұрады. Оны, әсіресе, өндіріс орындарындағы еңбек перспективалары және Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында жарияланған «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында ашылатын мүмкіндіктер қызықтырды.
– Облыс әкімімен жеке кездесуді көптен бері армандап жүр едім. Бүгін сол мүмкіндіктің туғанына қуаныштымын. Мұндай жүздесулер студенттерге жігер беріп, болашаққа сеніммен қарауға, өз мүмкіндіктерін бағамдауға көмектеседі. Жастармен ашық пікір алмасу өте маңызды деп ойлаймын, – деді Дінмұхаммед.

Кездесу барысында студенттер өңір экономикасының даму бағыттары туралы мағлұмат алып қана қоймай, диплом алғаннан кейін өз білімдері мен кәсіби дағдыларын Қарағанды облысында қай салада қолдана алатынын да талқылады.

Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









