Өткен жылы Осакаров ауданына қарасты Молодежный кентінің тұрғыны Гүлнар Құсайынова балаларға арналған ойын-сауық орталығын ашу үшін мемлекеттік грант иеленді.

III топтағы мүгедектігі бар кәсіпкер мемлекеттік қолдаудың арқасында өз ісін бастауға мүмкіндік алды.

Грант қаражатына орталыққа қажетті жиһаздар мен ойыншықтар сатып алынып, жарнама жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ ғимаратты жалға алу ақысы төленіп, кәсіпті бастап кетуге қажетті өзге де алғашқы шығындар өтелді.
Уақыт өте келе бастапқы бизнес-идея ауқымы кеңейіп, ойын-сауық орталығы балалардың танымдық қабілеті мен дағдыларын дамытуға бағытталған ортаға айналды. Бүгінде бұл – Молодежный кентіндегі осындай үлгідегі алғашқы әрі жалғыз орталық.

Мұнда балалардың жас ерекшеліктеріне сай жалпы дамыту сабақтары мен түрлі ойындар өткізіледі. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қоса алғанда, әр баламен жеке жұмыс жүргізіледі. Сондай-ақ бөбек жасындағы бүлдіршіндерге арналған сабақтар қарастырылған. Бұдан бөлек, орталық балалардың туған күндері мен өзге де мерекелік шараларын ұйымдастырады.

Мемлекеттік қаржылай қолдау кәсіпкерге өз идеясын жүзеге асырып қана қоймай, орталықтың қызмет аясын кеңейтуге, балалар мен ата-аналарға ұсынылатын қызмет түрлерін көбейтуге мүмкіндік берді.
Осакаров ауданының ішкі саясат бөлімінің ақпараты бойынша
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









