Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі шаралары талқыланған аппараттық кеңес өтті.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті жоспарлау және жедел басқару орталығының бастығы Жеңіс Қайнарбаевтың мәліметінше, 2026 жылы өңірде өткен жылмен салыстырғанда өрт оқиғаларының саны 21,5 пайызға төмендеген. Биылғы жылыту маусымы 15 қазанда басталып, келер жылдың 15 сәуіріне дейін жалғасады. Маусым басталғалы улы газдан улану деректері тіркелмеген.
Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың үйлеріне улы және табиғи газды анықтайтын датчиктер орнату жұмыстары жүруде. Облыс бойынша барлығы 3 210 құрылғы орнату жоспарланған.
Бұдан бөлек, 8 қазаннан бастап облыста «Ата-анаңның үйін тексер» акциясы өтуде. Оның аясында 11 мыңнан астам тұрғын үй араланып, 29 мыңға жуық азаматқа өрт қауіпсіздігі талаптары түсіндірілді. Профилактикалық жұмыстар әлеуметтік осал санаттағы 3 174 үйді қамтыды.
«QazaqGazAimaq» АҚ Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Бахтияр Көпбосыновтың айтуынша, өңірде 250 708 газ тұтынушы тіркелген. Филиал мамандары 64 758 тұрғын үйді аралау барысында 6 741 техникалық бұзушылықты анықтаған. Олардың қатарында желдету арналарының болмауы, түтін мұржаларының талапқа сай келмеуі, газ жабдықтарының дұрыс орналастырылмауы сияқты кемшіліктер бар.
2026 жылдың алғашқы он айында ішкі газ жабдықтарына қатысты 6 818 өтінім түскен. Ал профилактикалық шаралар аясында қазан айында 1 850 үй тексеріліп, 14 727 тұрғын үйде түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Жиында облыс әкімі өрт пен газ қауіпсіздігіне қатысты профилактикалық жұмыстардың нәтижелілігін арттыру қажеттігін атап өтті.
Атап айтқанда, жауапты тұлғаларға газ датчиктерін сатып алу мен орнатуды толық аяқтау, ішкі газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсетумен қамтуды кеңейту және анықталған ақауларды жою бойынша әр үй иесімен жеке жұмыс жүргізу тапсырылды.
Сонымен қатар жалғызбасты қарттар мен мүгедектігі бар азаматтардың тізімін өзектендіріп, олардың тұрғын үйлерін тексеру, білім беру ұйымдары мен стационарларда өрт дабылы жүйелерінің және эвакуация жолдарының жай-күйін зерделеу міндеттелді.
Бұдан бөлек, жылыту маусымында электр және жылу энергиясының үздіксіз берілуін қамтамасыз ету, өрт гидранттарын түгендеп, жарамсыздарын жөндеу, базарлар мен сауда-ойын-сауық орталықтарында, қонақүйлерде өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына мониторинг жүргізу жүктелді. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында адам көп жиналатын нысандарға тексеру ұйымдастырып, талапқа сай келмейтін нысандарға қатысты тиісті шаралар қабылдау және халық арасында өрт пен газ қауіпсіздігі жөніндегі түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігі ескертілді.
– Профилактикалық жұмыстар тек есеп үшін жүргізілмеуі керек. Мыңдаған үй араланды, қаржы бөлініп, датчиктер сатып алынды. Алайда оларды орнату қарқыны әлі де баяу. Адам өміріне тікелей қауіп төндіретін мәселеде салғырттыққа жол беруге болмайды, – деп түйіндеді Ербол Қарашөкеев.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









